Көшербаев: Кәсіподақ қозғалысының қайраткерлері - барлығына жанашыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Кәсіподақтар федерациясы Кәсіподақтар күніне арналған салтанатты шара өткізді. Биыл ҚР Үкіметінің қаулысымен 10 қазан – Қазақстан Кәсіподақтары күні кәсіби мерекелер тізіміне енгізіліп, алғаш рет ресми деңгейде тойланды.

Салтанатты шарада ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев құттықтау сөз сөйледі.

Қырымбек Елеуұлы құттықтау сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кәсіподақ қайраткерлерінің еңбегін жоғары бағалай отырып, алдағы уақытта әлі де атқарылуы тиіс мақсаттар бар екенін айтып өтті.

«Сол тәуелсіздікке жанашыр, әлеуметтік тұрақтылыққа жанашыр, әділеттілікке жанашыр, бәрінің негізін қалаушы Еңбек адамына жанашыр Сіздер - қадірлі кәсіподақ қозғалысының қайраткерлері», - деді ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев.

ҚР Президентінің атынан Алғыс хат «Қарағанды облысы ауыл шаруашылығы, қайта өңдеу ұйымдары және мемлекеттік мекемелер қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы» ҚБ Жаңаарқа ауданы өкілдігінің төрағасы Нұрлан Акишевке, «Астана-Жылутранзит» АҚ өндірістік-жөндеу қызметінің оқшаулау учаскесінің 5-разряд муфталы қосылыстардың монтажшысы Жахмаш Омарбекке, Әйтеке би кентіндегі Ы. Алтынсарин атындағы №204 мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Роза Жұмағазиеваға табысталды.

ҚР Премьер-Министр Асқар Маминнің атынан кәсіподақтар қозғалысының активистеріне Алғыс хатты ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ақмади Сарбасов табыстады.

Құттықтау сөз сөйлеген Ақмади Сарбасов кәсіподақтарды әлеуметтік-еңбек қатынастарының өзекті мәселелерін шешуде басты әлеуметтік әріптес деп атады.

Қазақстандағы еңбек қатынастарын сипаттайтын әл-ақуал құрамы бойынша  Дүниежүзілік экономикалық форумның Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі рейтингінде 140 елдің ішінде 30 орынға көтерілді. Бұл өзекті еңбек заңнамасының жемісі ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік әріптестермен, соның ішінде кәсіптік одақтармен әлеуметтік-еңбек қатынастарын дамыту бойынша жүйелі іс-шаралардың арқасында болып отыр.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Ералы Тоғжанов әлеуметтік-еңбек қатынастарына байланысты мәселелерді шешуде еліміздегі кәсіподақтар қозғалысының алатын рөлі маңызды екенін атап өтті.

«Бүгінде Кәсіподақтар федерациясы әлеуметтік-еңбек саласында маңызды мәселелердің шешіміне жан-жақты қатысу үшін сараптамалық және ұйымдастырушылық әлеуетке ие», - деді ҚРКФ басшысы.

ҚРКФ басшысы кәсіподақтардың басты жетістіктеріне тоқталды. Кәсіподақтар жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін мониторинг жүргізетін республикалық және жергілікті штабтардың жұмысына белсенді қатысуда.

Федерация әлеуметтік әріптестермен бірлесе отырып, жұмыс орындарын сақтау қызметін өзектендірді. Қазіргі таңда 126 мыңнан аса меморандум бекітіліп, республика бойынша 2 млн 292 мың жұмысшы қамтылды.

Сонымен қатар, жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын арттыру мәселесіне жіті көңіл бөлініп отыр. Бүгінде республика бойынша 199,6 мың жұмыс беруші 1,1 млн жұмысшының жалақысын арттырды. Осы кәсіпорындарда жалақысы төмен жұмысшылардың орташа еңбекақысы 31 пайызға ұлғайды.

Салтанатты жиын барысында кәсіподақтар қозғалысының дамуына зор үлес қосқаны үшін кәсіподақ мүшелерін, кәсіподақтар қозғалысының ардагерлерін, әлеуметтік әріптестерді марапаттау рәсімі өтті. «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ бірқатар кәсіподақ мүшелеріне 250 мыңнан бастап 3 млн. теңге көлемінде қаржылық және тұрғын-үй сертификаттарын табыстады.

Ералы Тоғжанов өңірлердегі бастауыш кәсіподақ ұйымдарының қызметкерлерінің, кәсіподақтар қозғалысы ардагерлерінің, әлеуметтік әріптестердің еңбеккерлердің әлеуетін арттыру, құқығы мен мүддесін қорғау жолында сіңірген ерен еңбектерін айрықша атап өтті.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы