Көшербаев: Жағдайы бар қазақстандықтар жәрдемақы алмауға тиіс

Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында БАҚ өкілдері жәрдемақыны 6 санатқа бөліп жатқаны туралы сұрақ қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Сонымен қатар журналистер жәрдемақылар қатарының қысқару ықтималдылығы туралы сұрады. 

Республикалық бюджеттен 41 әлеуметтік төлемдер жасады. Бірақ жүріп жатқан жоба оған әсер етпейді. Одан бөлек жергілікті атқарушы органдарда мектепте тамақтандыру, жатақханадан бөлме беру сияқты 11 қосымша мемлекеттік қолдау көресетіледі. Қазір біз осы көмектерді цифрландырып жатырмыз. Ондағы мақсат – мемлекеттік қолдау нақты мұқтаж отбасыларға берілуі керек, - деп жауап берді Еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқарбек Ертаев. 

Айтуынша, мұнда 6 кластер белгіленген. 

Мәселен, төтенше қажеттілік, жай қажеттілік, салыстырмалы тұрақтылық деп кете береді. Ең соңғы 6-кластер мұндай көмекке мұқтаж емес отбасылар санатын білдіреді, яғни, жоғары әл-ауқатты деп айқындалады да, олар мемлекеттік қолдауды алмайды. Сондықтан мұндағы өзгерістер тек мемлекеттік қосымша қолдауға қатысты жасалып жатыр. Үрдістер цифрландыру және барлық уәкілетті органдардың бірыңғай платформада жұмыс істеуі мақсатында, - деді вице-министр. 

Жауапты Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев толықтырды. Ол мұндағы мақсат – ең бірінші әлеуметтік әділдікті орнату, екінші әлеуметтік алаяқтықты тоқтату деп отыр. 

Өзіңіз білесіз, бізде мемлекеттік органдар бар, орталық немесе жергілікті органдар болсын цифрландыру аяғына дейін жеткізілмеген. Кімнің не істеп жатқанын базасы арқылы тексере алмаймыз. Көп нәрсені қағазбен алып келеді. Оны жоба бойынша тексергенде бірқатар мәселелер анықталып жатады. Мысалы,бір отбасы жағдайы қиын деп саналып, жергілікті бюджеттен, орталық бюджеттен және сақтандыру қорынан да ақша алып отырған. Ал оны қалай істеген? Әуелде оны біреу "үйі жоқ, машинасы жоқ, көпбалалы отбасы" деп жазып берген. Оны апарып ХҚКО арқылы тіркеген. Ал цифрландыру жүріп бірте-бірте деректер базасы бір-біріне қосылғанда олардың екі қабатты үйі бар, екі машинасы бар екені анықталған. Көптеген тұрмыстық техника алған несиелері болған. Міне, мұндағы мақсат осындай жағдайларға жол бермеу, цифрландыру және сол арқылы оңтайландыра отырып, алаяқтыққа жол бермеу, - деді Ермек Көшербаев. 

Еске салайық, елімізде атаулы әлеуметтік көмектің алдағы уақытта қалай және кімдерге төленетіні белгілі болды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы