Көшербаев: Дәрігер мәртебесі полиция қызметкеріне теңестірілуі тиіс
Дәрігерлерге күш көрсету – қызметтік міндеттерін атқарудағы полицейлерге қарсы жасалған қылмыспен пара-пар. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев Үкіметте өтіп жатқан баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Вице-премьер медициналық қызметкерлерге күш көрсететін азаматтарға қатысты заңнамадағы өзгерістерге қатысты пікір білдірді.
Қызметтік міндеттерін атқару кезінде дәрігерлер мен медбикелерге күш көрсету жағдайларында Президенттің тапсырмасына сәкес, депутаттық корпусен бірге қылмыстық жауапкершілікті қатаңдатуды қарастыратын заңнамалық түзетулер әзірленді. Медициналық қызметкерлерге шабуыл жасау қызметтік міндеттерін атқарудағы полицейлерге жасалған шабуылмен бірдей бағалануға тиіс, - деді Ермек Көшербаев.
Еске салайық, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев медицина қызметкерлеріне шабуыл жасағандарға заңды қатаңдатуды тапсырды.
Дәрігерлер қауіпсіздігіне қатысты Үкімет дереу тапсырма берді.
Еске салайық, Қостанайда уролог, хирург Антон Кистанов пациенттің шабуылынан зардап шекті. Сондай-ақ оған қатысты тың мәліметтер белгілі болды.
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов дәрігерлерге қол көтергендерге қатаң жаза қолдану керек екенін айтты.