Көшербаев: әл-Фараби – біздің ғана емес, тұтас адамзаттың бағына біткен тұлға
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада Оқушылар сарайы алдында Әбу Насыр әл-Фараби ескерткішінің ашылу салтанаты өтті.
Ескерткіштің ашылуына Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев, қала әкімі Алтай Көлгінов, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, зиялы қауым өкілдері мен қала тұрғындары қатысты.
Салтанатты іс-шараның ашылуында сөз алған Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев ұлы ойшыл ғұлама, Аристотельден кейінгі ғаламдағы екінші ұстаз атанған әл-Фараби – біздің ғана емес, тұтас адамзаттың бағына біткен тұлға екенін айтты.
Ғылымның сан саласын жетік меңгерген философ - метафизика, эпистемология, эстетология, этика, физика, астрология, психология мен музыка салаларының теориялық негізін қалаған энциклопедияшы ғалым. Оның жазған еңбектері Х ғасырдан бүгінге дейін маңыздылығын жойған жоқ. Әл-Фараби ортағасырлық ағарту кезеңіндегі Шығыс пен Батыстағы ақыл-ой алыптарының бірі, әрі еңбектері бүкіл әлемге тараған ойшыл. Тұңғыш Президент – Елбасы өзінің «Ұлы даланың 7 қыры» әйгілі ғұлама ғалымның тұлғасы мен мұрасына лайықты баға берген болатын. Ал Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен өткен 2020 жылы әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтті, - деді Көшербаев.
Оның сөзінше, атақты жазушы Фредерик Старр «Ұмытылған ұлылық» кітабында әл-Фарабидің қызығушылық аясы кең болғанын, сол арқылы ғылымдарды толығымен жіктеп, әрбірінің шекарасын сызып, білімнің барлық саласы үшін мықты негіз жасаған Исламдағы бірінші тұлға деп атаған.
Көрнекті ғалым Ибн Халликан да ғылымда ешкім бұл кісінің дәрежесіне дейін көтерілген емес деп жазған екен. Осы ретте әл-Фараби атамызды туған топырағымен қайта қауыштырып, туған ел үлесінде қалуға зор еңбек сіңірген қазақ ғалымы Ақжан әл-Машаниді де еске алуымыз орынды деп есептеймін. Баба еңбектерін әлемнің барлық мұрағаты мен кітапханаларынан іздестіріп, 1971 жылы Мәскеуде өткен ЮНЕСКО-ның Х конгресінде әл-Машани бастаған ғалымдар қазақ даласында дүниеге келгенін дәлелдеп шықты, - деп айтты Мемлекеттік хатшы.
Ол атап өткендей, әл-Фарабидің саяси-әлеуметтік трактаттарында жазылған «Бақытты, қайырымды және мейірімді адамдар» сипаттамасы хакім Абайдың «Толық адам» концепциясымен үндес. «Ақыл-ой мен білім – адамзаттың ең жоғары ізгілігі. Білімсіз адамгершілік молаймайды, ғылым мен тәрбие үштасқанда рухани сауаттылыққа ғана жол ашылады» деп жазады әл-Фараби. Абайдағы «Толық адам» да – рухани жетілген, кемеліне келген адам.
Адамзат баласы осы уақытқа дейін түрлі кезеңді бастан кешіруде. Ағарту ісі, білім мен ғылым дамуы шарықтап барып, қайта құлдырауға кеткен кезеңдер де болды. Қазір біз жаңа ғасыр басында жаңа шақырулар алдында тұрмыз. Тәуелсіз Қазақстанның жастары жаңа көзқарастағы ойы озық, санасы терең, азат рухты болуы керек.
Қадірменді қауым! Бүгінде Тәуелсіздіктің арқасында баба мұрасын жаңғыртып, есімін ұрпақ санасында мәңгі қалдыруда біраз жұмыс атқарылып жатыр. Ұлы философ атындағы ұлттық университет, оқу орындары, ескерткіштер мен көшелер бар. Ғылыми-техника саласындағы ең жоғары марапат – әл-Фараби атындағы мемлекет сыйлығы тағайындалды. Енді бүгін біз сіздермен бірге еліміздің рухани өміріндегі, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңындағы маңызды оқиғалардың бірі – ұлы ойшыл, ұстаз, ғалым Әбу Насыр әл-Фарабиге арналған елордадағы ескерткіштің ашылуында тұрмыз. Бұл ұлтының ұлы ұлына көрсеткен құрметінің бір парасы. Жобаны жүзеге асырған Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігіне және Айдос Бүркітбаев бастаған авторлар мен мүсіншілерге алғыс айтамыз, - деді ол.
Ол бұл ескерткіш ғұлама атын иеленген Оқушылар сарайына келетін жас жеткіншектердің жүрегінде сәуле жағып, ой-санасын оятатын зердеге айналсын деп тілек білдірді.