Көшбасшы әйелдерге арналған «Tomiris» бағдарламасының негізгі кезеңі аяқталды
Елордада көшбасшы әйелдерге арналған «Tomiris» бағдарламасына қатысушылар үшін қарқынды оқыту курстары тәмамдалуда, деп хабарлайды BAQ.KZ.
«AMANAT» партиясының Саяси менеджмент академиясы жүзеге асырып жатқан жобаның 30 қатысушысы көпшілік алдында сөйлеуді, қарым-қатынас орнатуды, эмоционалды интеллектіні дамытуды және жобаларды басқаруды үйренуде.
Бағдарламаға қатысушылар алдында сөз сөйлеген партия Хатшысы Дәулет Кәрібек жоба әйелдер көшбасшылығын дамытуға бағытталғанын атап өтті.
Біз жобаға деген үлкен қызығушылық бар екенін байқап отырмыз. Барлығы 342 өтініш келіп түсті. Қазіргі уақытта әйелдер түрлі салада қызмет атқарады. Алайда гендерлік қасаң түсінік әлі де бар. Жалпы, еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде әйелдердің рөлін арттыру – «AMANAT» партиясының негізгі басымдықтарының бірі саналады. Ал бұл жоба осы жұмыстың бір бөлігі, – деп атап өтті ол.
Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Александр Даниловтың айтуынша, әйелдер көшбасшылығы тақырыбы өте өзекті.
Әйелдердің әлеумет, саясат салаларында қаншалықты белсенді екенін көріп отырмыз. Олар өткір тақырыптарды көтеріп, қоғам мүддесіне шынайы атсалысады. Бүгінде әйелдер алдында кездесетін кедергілерді жою үшін жұмыс істеп жатырмыз, – деп атап өтті вице-министр.
Өз кезегінде, Конрад Аденауэр атындағы Қордың Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Йоханнес Д.Рай әйелдер кез-келген қоғамның қозғаушы күші, сондықтан оларды ілгерілетуге ерекше назар аудару керек деп есептейді. Сондай-ақ, ол ХДС (Германия) партиясының Әйелдер қанатының жұмыс тәжірибесімен бөлісіп, Қазақстанда да осындай қозғалысты құруға қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.
Саяси менеджмент Академиясының директоры Данияр Мұқитановтың айтуынша, бағдарламаға қатысушылар Қазақстан мен Германияның белгілі саяси және қоғам қайраткерлерімен кездесіп, сондай-ақ танымал тренерлерден дәріс алуда.
Оқыту қорытындысы бойынша қатысушылар өз өңірлеріндегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартуға бағытталған саяси жобаларды әзірлеп, енгізеді. Академия жыл соңына дейін коучингтік онлайн-сессиялар арқылы әдіснамалық қолдау көрсетуді қамтамасыз етеді. «Tomiris»-ке қатысу олардың саяси мансабының жаңа деңгейге шығуына көмектеседі деп үміттенемін, – деді Данияр Мұқитанов.
Естеріңізге сала кетейік, «Tomiris» бағдарламасын «AMANAT» партиясының Саяси менеджмент академиясы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен бірлесіп, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның және Қазақстандағы Конрад Аденауэр атындағы Қордың қолдауымен жүзеге асыруда.