Қос өңірдегі мүмкіндігі шектеулі әйелдер бірлесе жұмыс жүргізу жолдарын қарады

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Шығыс Қазақстан және Ақтөбе өңірлері арасындағы мүмкіндігі шектеулі нәзік жандылардың «Өзіңе сен!» телекөпірі барысында айтылды.

Ақтөбе қалалық мәслихаты мен «Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтар» одағы ұйымдастырған онлайн конференцияға қос облыстың өңірлік Кәсіпкерлер палаталарының, Израиль елінің Қазақстандағы елшілігінің өкілдері, бизнес тренерлер мен бүгінде кәсібін дөңгелентіп отырған мүмкіндігі шектеулі әйелдер қатысты. Шара қатысушылары саладағы бірқатар мәселелерді талқылап, өз жетістіктерін ортаға салды. Өңірдегі әйелдер кәсіпкерлігінің даму жайын баяндаған шығысқазақстандық нәзік жандылар биыл да жалғасын табатын «Бастау бизнес» жобасының бағыттары туралы айтып, әріптестерін «Бизнестің жол картасы-2025», «Еңбек» бағдарламалары арқылы мемлекеттік қолдауды қалай алуға болатынын құлағдар етті.

Осыған дейін «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы қолдау тауып, кәсібін бастаған көкпектілік Жанна Жәбекова бүгінде тігіншіліктің дәстүрлі бағытымен қатар, ерекше авторлық ойыншықтар жасау жұмысын алға бастырып отыр. Қазіргі уақытта оның бұйымдарын отандық тұтынушылармен қатар, ғаламтор арқылы тапсырыс беретін шетелдіктер де тұтына бастаған. Телекөпірге қатысқан Жанна мүгедек арбасына таңылған кезде осы идеяның өзін қалай қалыпты өмірге қайтарғаны туралы тәжірибесімен бөлісті.

Маған Кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалының өкілдері ерекше қолдау білдірді. Ата-анам да бір жағынан идеяларымды құптап отырды. Оның үстіне мүмкіндік болған жерде оқып, тәжірибе жинақтап алуды өзім де қалт жібермеймін. Облыс аумағында өткізілетін шеберлік сағаттарынан, семинарлардан, форумдар мен конференциялардан қалмауға тырысамын, - деді Жанна Жәбекова.

Пандемия кезінде Жаннаның цехы ерекше дизайндағы бес мың маска тікті. Қазіргі уақытта ол аудандық Шығармашылық үйінде балаларға тігін курсын ұйымдастырып, болашақ ұрпақты жұмсақ ойыншықтар тігуге машықтап жатыр.

Жаннаның белсенділігіне тәнті болған Ақтөбе қалалық мәслихатының хатшысы Анар Даржанова Израиль елінің Қазақстандағы елшілігінің үйлестірушісіне бойжеткеннің бизнесін одан әрі өркендету үшін грант бөлу туралы ұсынысын білдірді. Конференция соңында қатысушылар болашақ жоспарларымен бөлісіп, бірлесе жұмыс жүргізудің тетіктерін ақылдасты.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы