"Кедергі емес": Көзі нашар көретін Ардақ ауруханада еңбек етіп жүр
Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту бағытында түрлі бағдарламалар жүзеге асырылып келеді.
Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту бағытында түрлі бағдарламалар жүзеге асырылып келеді. Соның бірі – Мансап орталықтары арқылы жұмысқа орналастыру. Осындай мүмкіндікті пайдаланып, еңбекке араласқан жандардың бірі – ІІ топтағы мүгедектігі бар Ардақ Ысқақова, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ардақтың айтуынша, оның көру қабілеті бала кезден нашарлаған. Бірнеше рет жасалған отаға қарамастан, жағдайы жақсармаған.
Көзім бала кезден нашар көрді. Бірнеше рет ота жасаттым, бірақ нәтиже болмады. Қазір бір көзім – минус 17, екіншісі – минус 19. Линзаны шешкен кезде мүлде көрмей қаламын, – дейді кейіпкер.
Мүгедектік статусын қабылдау да оңай болмаған. Оның сөзінше, бұл кезең психологиялық тұрғыдан ауыр өткен.
Басында ІІ топ мүгедектігі беріледі дегенде қатты қиналдым. Қорқыныш болды, көп ойландым. “Ертеңгі өмірім қалай болады?” деген сұрақ мазалады. Адамдар көретін дүниені алыстан көрмеу, оқи алмау – өте қиын, – дейді ол.
Кейіпкер күнделікті өмірде кездесетін қиындықтарды да жасырмайды.
Өз бетіммен бір жаққа бару қиын. Көбіне біреудің көмегі керек. Автобустың нөмірін алыстан көре алмаймын, жолдан өту де қиын. Осындай қарапайым нәрселердің өзі біз үшін үлкен мәселе, – дейді Ардақ Ысқақова.
Соған қарамастан, ол еңбекке араласу мүмкіндігін іздеп, Мансап орталығына жүгінген.
ІІ топтағы мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа қабылдайтынын естіп, Мансап орталығына бардым. Сол жерде мамандар бәрін түсіндіріп, қандай жұмыстар бар екенін көрсетті. Соның ішінде “Капельница” клиникасындағы әкімші қызметін таңдадым, – дейді ол.
Қазіргі таңда кейіпкер аталған клиникада администратор болып жұмыс істейді. Оның айтуынша, жұмыс жағдайы қолайлы, ұжым тарапынан қолдау бар.
Қазір администратор болып жұмыс істеймін. Жұмыс маған ұнайды, аса ауыр емес. Ең бастысы - ұжымым жақсы, басшылығым түсіністікпен қарайды. Осындай қолдау өте маңызды, - дейді кейіпкер.
Ардақ өз тәжірибесіне сүйене отырып, мүмкіндігі шектеулі жандарға белсенді болуға кеңес береді.
Ең бастысы - қорықпау керек. Мүгедектік – өмірдің соңы емес. Міндетті түрде Мансап орталығына баруға кеңес беремін. Олар жұмыс табуға көмектеседі, бағыт береді. Ең бастысы – әрекет ету, - дейді ол.