Көршіңіз шулап маза бермесе, не істеу керек: Қазақстандағы заң, айыппұл және нақты әрекет
Түнгі тыныштық уақыты қанша, шу үшін айыппұл мөлшері қандай және полицияға қашан жүгіну керек?
Түн ортасында айқай-шу, қатты музыка немесе тәулікке жалға берілетін пәтердегі тоқтаусыз кештер – көпқабатты үй тұрғындарына таныс жағдай. Мұндай кезде шыдаудан басқа амал жоқ сияқты көрінеді. Алайда Қазақстан заңнамасында көршінің тыныштықты бұзуы нақты жауапкершілікке әкеледі. Шу мәселесін қалай тез әрі тиімді шешуге болады? Толығырақ BAQ.KZ материалында.
Қазақстанда тәуліктік жалға берілетін пәтерлердегі шу мәселесі көпқабатты үй тұрғындары үшін бұрыннан өзекті. Көрші пәтерде өтетін шулы отырыстар, қатты музыка, айқай-шу немесе тіпті дауыстап сөйлесудің өзі адамдардың демалуына кедергі келтіреді. Мұндай жағдайларда әрекет етудің нақты әрі жұмыс істейтін тәртібі бар.
Заң не дейді
Негізгі талап Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 437-бабында көрсетілген. Бұл норма азаматтардың тыныштығын қорғауға бағытталған. Заң бойынша түнгі уақытта шулауға тыйым салынады. Жұмыс күндері бұл уақыт 22:00-ден 9:00-ге дейін, ал демалыс және мереке күндері 23:00-ден 10:00-ге дейін белгіленген.
Демалысқа кедергі келтіретін кез келген дыбыс — музыка, айқай, кештер, тіпті қатты сөйлесу де тыйым салынған әрекетке жатады. Шу қандай себеппен шыққаны маңызды емес: жөндеу жүргізу, қонақ шақыру немесе пәтерді жалға беру.
Егер шу кәсіпкерлік қызметке байланысты болса, мысалы, пәтер іс жүзінде шағын қонақүйге айналса, онда санитарлық талаптар да қолданылуы мүмкін. Мұндай жағдайда рұқсат етілген шу деңгейін асырғаны үшін қосымша жауапкершілік қарастырылады.
Шу үшін қандай айыппұл қарастырылған
Қазақстанда айыппұл мөлшері айлық есептік көрсеткішке (АЕК) байланысты есептеледі. 2026 жылы бір АЕК — 4325 теңге.
437-бапқа сәйкес:
- алғашқы рет заң бұзғандарға — 5 АЕК, шамамен 21 625 теңге;
- бір жыл ішінде қайталанса — 10 АЕК, шамамен 43 250 теңге айыппұл салынады.
Егер мәселе пәтерді жүйелі түрде жалға беріп, тұрғындардың шағымына құлақ аспайтын меншік иесіне немесе кәсіпкерлік қызметке қатысты болса, айыппұл көлемі артады:
- шағын бизнес үшін — 20 АЕК-тен бастап (86 500 теңге);
- орта бизнес үшін — 30 АЕК (129 750 теңге);
- ірі бизнес үшін — 100 АЕК-ке дейін (432 500 теңге).
Қайталанған жағдайда айыппұл мөлшері екі есеге дейін өседі. Кейбір жағдайларда ірі бизнес үшін жаза 150 АЕК-ке дейін жетуі мүмкін. Демек, тәуліктік жалға берілетін пәтердегі тұрақты кештер меншік иесіне жүздеген мың теңге шығын әкелуі ықтимал.
Қалай әрекет ету керек және шынымен не көмектеседі
Ең жиі жіберілетін қателік — көп тұрғындар мәселеге үнсіз шыдайды немесе тек көршімен хат жазысу арқылы шешуге тырысады. Әрине, алдымен сөйлесіп көруге болады. Пәтер иесі жауапты адам болса, ол қонақтарына ықпал етіп, жағдайды реттеуі мүмкін. Бірақ тәжірибеде мұндай нәтиже әрдайым бола бермейді.
Егер ескертуге қарамастан шу тоқтамаса, бірден 102 немесе 112 нөміріне хабарласқан жөн. Шақырту тіркеледі және оқиға орнына полиция қызметкерлері жіберіледі. Қоңырау кезінде нақты мекенжайды, уақытты және шудың сипатын дәл айту маңызды. Әрбір өтініш есепке алынады және кейін заң бұзушылықты дәлелдеуге негіз болады.
Мұнда жүйелілік те үлкен рөл атқарады. Бір реттік шақырту көбіне ескертумен аяқталуы мүмкін. Алайда тұрғындар жиі шағымданса, полиция 437-бап бойынша хаттама толтыра бастайды.
Тиімді тәсілдердің бірі — үш қадамды қатар қолдану: полиция шақыру, жазбаша шағым беру және учаскелік инспекторға жүгіну. Учаскелік қызметкер пәтер иесімен сөйлесіп, заң бұзудың салдарын түсіндіреді. Бірнеше айыппұлдан кейін көптеген меншік иелері пәтерін шулы компанияларға жалға беруді тоқтатады.
Егер жағдай өзгермесе, полиция басқармасына ресми арыз жазуға болады. Ұжымдық шағымның әсері бұдан да күшті болады.
Ең соңғы шара ретінде тұрғындар сотқа жүгінеді. Негізгі себеп — тыныштықтың жүйелі түрде бұзылуы. Сот шешімімен меншік иесіне пәтерді жалға беруді тоқтату немесе шудың көзін жою міндеттелуі мүмкін.