Көршімізден не үйрене аламыз? – Қытайда 8 жыл тұрған депутатпен сұқбат

Соңғы жылдары Қазақстан мен Қытай арасындағы байланыс күн санап артып келеді. Бұл қарым-қатынас тек экономикамен шектелмей, мәдениет, білім, технология салаларын да қамтып отыр. BAQ.KZ тілшісі Қытайда бірнеше жыл білім алған Мәжіліс депутаты Тілектес Адамбековпен сұқбат құрып, оның білім, қоғам, серіктестік, даму үлгілері жайлы пікірін білді.

Тілектес Адамбеков Халықаралық "Болашақ" бағдарламасы бойынша Тунцзи университетінде (Шанхай, ҚХР) телекоммуникация бағытында білім мен тәжірибе жинақтап келген маман. Ол қазір Мәжілістің VIII шақырылым депутаты.

"Қытайдағы білім – тек диплом емес, өмір мектебі"

Депутат Қытайда білім алу – тек диплом емес, өмір мектебі деген ойда.

Олардың оқу мен еңбекті ұштастыра білу мәдениеті маған үлкен әсер қалдырды. Оқуға деген талап қатал, бірақ әділетті. Студент тек оқып қана қоймай, үнемі ізденіп, жаңашылдыққа ұмтылуы тиіс. Әсіресе ғылым, медицина, IT саласында білім беру деңгейі өте жоғары. Қытайда білім жеке жетістікке жетудің басты құралы ретінде қабылданады. Маған ұнағаны олар тәртіп пен еңбекқорлықты бірінші орынға қояды. Бұл маған өз уақытымды бағалауды және әр мүмкіндікті дұрыс пайдалануды үйретті, - дейді Тілектес Адамбеков.

Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

"Қытайда адамдардың мемлекетке деген сенімі жоғары"

Қытайда 8 жыл тұрған депутат бұл елдің ішкі өмірін жақсырақ тануға мүмкіндік алған. Ол қытайлықтардың уақытқа, жұмысқа және қоғамға деген жауапкершілігін ерекше атап өтеді.

Қытайда 8 жыл тұрғандықтан, қоғамды іштен көріп, жақсырақ түсінуге мүмкіндік көп болды. Ең ерекше байқағаным адамдардың өз жұмысына, уақытына, қоғамға деген құрметі. Халқы өте еңбекқор, үнемі даму үстінде жүреді. Тағы бір таңқалдырғаны – олардың цифрлық өмірі: бәрі онлайн, төлемдер де, құжаттар да, күнделікті тіршілік те. Сонымен қатар, адамдардың мемлекетке деген сенімі жоғары, олар ортақ ережеге бағынуды азаматтық парыз деп қабылдайды, - деп айтты мәжілісмен.

Қытайдың даму құпиясы: Сенім мен нақты жоспар

Депутаттың пікірінше, Қытайдың жетістігінің негізі – ұзақмерзімді жоспарлау мен жүйелі даму.

Ұзақ ойлап, алға нақты жоспар құруында шығар. Олар әр саланы жүйелі дамытады. Мысалы, зауыттар, технология, білім, ауыл - бәрін қатар алып жүреді. Сонымен қатар өз халқына сеніп, соған инвестиция салады. Адам капиталы мен жаңа технологияға көп мән береді. Мемлекеттік басқарудың үйлесімділігі мен халықтың еңбекқорлығы бұл табысты жүйенің негізгі тірегі деуге болады, - деп есептейді Тілектес Адамбеков.

Қазақ қоғамындағы Қытай бейнесі: аңыз бен ақиқат

Қытай туралы қоғамда қалыптасқан кейбір күмән мен стереотиптерді депутат дұрыс ақпаратпен алмастыру қажет деп санайды.

Бізде Қытайға қатысты әртүрлі қауесет, күмәндер бар, бұл ақпараттың аздығынан немесе ескі тарихи көзқарастардан туындайды. Бірақ Қытайда өмір сүріп, оқығаннан кейін бұл ел туралы ойым өзгерді. Қытай прагматик ел, келісім мен заң, ереже бойынша әрекет етеді. Сондықтан ел ішінде Қытайды түсінуге ұмтылған дұрыс. Ол үшін жаңалықтардан ғана емес, сол елде болған, оқыған жастардың тәжірибесіне де құлақ асу керек. Қазақ жастары көргенін, білгенін шынайы жеткізе алса, бұл көп түсініспеушіліктің алдын алады. Әрине, кез келген елмен қарым-қатынас орнатқанда, ең алдымен өз мүддемізді ескеру басты қағидат. Қытаймен тең дәрежеде, өзара тиімді әріптестік орнату екі жаққа да тиімді. Мұндай серіктестік бізге өз тауарларымызды кең нарыққа шығаруға жол ашады. Әсіресе Қытай сияқты алып экономиканың есігі ашылса, отандық кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер туындайды, - дейді ол.

Сөзінше, бұл тек экспорт көлемін ұлғайтып қана қоймай, кәсіпкерлікке жаңа серпін беріп, ұлттық экономиканы әртараптандыруға сеп болмақ. Адамбеков атағандай, егер біз өз өнімдеріміздің сапасын үнемі жетілдіріп, бағасын бәсекеге сай ұстасақ, Қытай нарығынан лайықты орын алуға толық негіз бар. Ең бастысы ұтымды жоспар, сапалы өнім және сенімді серіктестік.

Қазақстан-Қытай қарым-қатынасы: тең әріптестік қажет

Қазіргі таңда Қазақстан мен Қытай арасында сауда, көлік және энергетика салаларында серіктестік нығайып келеді. Алайда Тілектес Адамбеков мұндай әріптестікте тепе-теңдік пен ұлттық мүддені сақтау аса маңызды екенін айтады.

Қазір екі ел арасында жақсы байланыс орнаған. Сауда-саттық, көлік, энергетика сияқты салаларда бірлескен жобалар көп. Бірақ осындай серіктестікте тепе-теңдік пен ұлттық мүддені қорғау – ең бастысы. Қытаймен қарым-қатынас тек экономикалық емес, саяси және мәдени өлшемде де дамуы тиіс. Әріптестік тереңдеген сайын Қазақстан өз ұстанымын нақты әрі сенімді түрде жеткізуі қажет, - деп есептейді ол.

Қытаймен ынтымақтастықты тереңдету үшін цифрландыру, жасыл энергетика, логистика және ауыл шаруашылығы салаларында бірге жұмыс істеуге көп мүмкіндік бар. Сондай-ақ білім мен туризм бағыттарындағы байланыстарды кеңейту арқылы халықтар арасындағы өзара түсіністік пен сенім нығаяды.

Қазақ жастары Қытайдағы үздік білім ордаларында оқып, еліміздің дамуына үлес қоса алар еді. Ал туризм саласы екі халықтың өзара сенімін арттыратын жұмсақ күшке айналуы мүмкін, - деп пайымдады Мәжіліс депутаты.

Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

"Бір белдеу, бір жол": Қазақстан – ол көпір

Депутат Адамбековтің айтуынша, Қытаймен жасалатын жобалар жаңа жұмыс орындарын ашып, инфрақұрылымды дамытатыны сөзсіз. Алайда тәуекелдер де болуы мүмкін.

Сондықтан мұндай жобаларда барлығын ашық қарап, ұлтқа зиян келмейтіндей етіп жасау маңызды. Ең бастысы қоғаммен ашық диалог жүргізіп, әрбір шешімнің нәтижесін бақылап отыру қажет, - деп есептейді ол.

Ол "Бір белдеу, бір жол" бастамасында еліміздің алатын орнын айта кетті.

Қазақстан "Бір белдеу, бір жол" бастамасында маңызды орын алады, себебі біз Қытай мен Еуропа арасындағы көпірміз. Бірақ тек жол салумен шектеліп қалмай, сол жол бойында өз өндірісімізді дамытып, нақты пайда табуға тырысуымыз керек. Егер біз осы бастамадан барынша ұтымды пайда ала білсек, еліміздің транзиттік әлеуеті экономикалық табысқа айналады, - деп атап өтті спикеріміз.

Қытайдан сабақ: "Бір аудан - бір өнім"

Қытайдан үйренетін жақсы тәжірибелер көп. Мәселен, нақты жоспармен өнеркәсіпті дамыту, білім мен ғылымға басымдық беру, ауыл мен қаланы теңгерімді дамыту.

Сонымен қатар, оларда “бір аудан - бір өнім” сияқты нақты экономикалық бастамалар бар. Бұл тәсіл әр өңірдің өзіндік ерекшелігін сақтай отырып дамытуға мүмкіндік береді. Ең бастысы бәрі ұзақмерзімді жоспарлау мен нақты мақсатқа негізделген. Осы ұстаным бізге де маңызды, - деп ойын айтты депутат Тілектес Адамбеков.

Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Орталық Азия – Қытай саммиті: мүмкіндіктер мен жауапкершілік

Оның ойынша, бұл саммит – аймақ елдері үшін үлкен дипломатиялық алаң. Ол арқылы сауда, логистика, мәдениет және қауіпсіздік салаларында жаңа деңгейде жұмыс істеуге жол ашылады.

Жай ғана мүмкіндік емес, аймақ елдеріне артылған үлкен жауапкершілік. Қазақстан үшін бұл өзінің аймақтағы орнын көрсетіп, беделін арттыруға жақсы мүмкіндік. Егер бұл формат тұрақты дамыса, ол бүкіл Орталық Азия елдерінің бірлігін күшейтеді. Ең бастысы – әр ел өз мүддесін сақтай отырып, бір-біріне сеніммен қарай білсе, нәтиже де соғұрлым жақсы болады, - деп ойын қорытындылады Мәжіліс депутаты Тілектес Адамбеков.

Еске сала кетсек, 16-17 маусым күндері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Қазақстанға Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин келеді. Сапар барысында жоғары деңгейдегі екіжақты кездесулер өткізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ екі ел арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайту мәселелері талқыланады.

Оған қоса 17 маусымда Астанада аймақтағы мемлекеттер басшыларының қатысуымен екінші "Орталық Азия – Қытай" саммиті өтеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы