Көрші елде аусылдан мал жаппай қырылып жатыр. Індет Қазақстанға жетті ме?
Аусыл індетінің белгілеріе білесіз бе?
Ресейдің бірқатар өңірінде ауыл шаруашылығы жануарлары арасында індет таралып, жағдай ушығып барады. Әсіресе Сібір аймағында ауру ошақтары көбейіп, билік шектеу шараларын күшейтуге мәжбүр болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ресми мәліметтерге сәйкес, індеттің негізгі себептері ретінде пастереллез бен құтыру аталып отыр. Бұл аурулар малдың тыныс алу жүйесі мен жүйке жүйесіне әсер етіп, өлім-жітімге алып келеді. Қазірдің өзінде бірнеше өңірде мыңдаған бас мал жойылған.
Алайда сарапшылар бұл жағдайдың тек аталған аурулармен шектелмеуі мүмкін екенін айтады. Олардың пікірінше, індет белгілері аусылға ұқсас. Бұл – өте тез таралатын, аса қауіпті вирус. Әсіресе ірі қара мен ұсақ мал арасында жылдам таралып, үлкен экономикалық шығынға әкеледі.
Ресей билігі де жағдайдың күрделі екенін мойындап отыр. Мамандардың айтуынша, бірнеше инфекция қатар таралып, эпидемиологиялық ахуалды қиындатып жіберген. Осыған байланысты бірқатар аймақта карантин енгізіліп, мал қозғалысына шектеу қойылған.
Індет ең алдымен Новосибирск, Алтай, Омбы және Томск облыстарында тіркелген. Кей өңірлерде төтенше жағдай режимі енгізіліп, санитарлық бақылау күшейтілді. Мал иелеріне жануарларды басқа өңірлерге тасымалдауға уақытша тыйым салынған.
Жаппай малды жою шаралары фермерлердің наразылығын туғызды. Өйткені бұл олардың негізгі табыс көзінен айырылуына алып келіп отыр. Сонымен қатар өтемақы мәселесі де толық шешілмегені айтылуда.
Сарапшылар індеттің көрші елдерге таралу қаупі бар екенін ескертеді. Осыған байланысты бірқатар мемлекет, соның ішінде Қазақстан, Ресейден келетін мал мен ет өнімдеріне бақылауды күшейтті. Шекаралық аймақтарда ветеринариялық тексерулер қатаңдатылған.
Аусыл індетінің белгілері қандай?
Бұл — тұяқты мал арасында кең таралатын аса қауіпті вирустық ауру. Мамандар бұл індеттің басты ерекшелігі оның өте жылдам таралуында екенін айтады. Ауру бір шаруашылықтан екіншісіне қысқа уақыт ішінде тарап, тұтас табынға қауіп төндіруі мүмкін.
Ветеринарлардың мәліметінше, аусыл ең алдымен малдың дене қызуының көтерілуімен басталады. Қызба 40–41 градусқа дейін жетіп, жануардың тәбеті төмендеп, әлсірейді. Аурудың негізгі белгісі — ауыз қуысында, тілде, ерін мен қызыл иекте пайда болатын сұйықтыққа толы көпіршіктер. Уақыт өте келе олар жарылып, ашық жараға айналады. Осы кезде малдың сілекейі шамадан тыс ағып, жалпы жағдайы күрт нашарлайды.
Сонымен қатар індет тұяққа да әсер етеді. Тұяқ арасы қабынып, жара пайда болады. Соның салдарынан мал ақсап, қозғалысы қиындайды. Сиырларда желін зақымданып, сүт беру айтарлықтай төмендейді.
Мал шаруашылығындағы шығынның 20%-ға дейінгі бөлігі аурулармен байланысты
Бұл туралы ақпанда Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаев халықаралық форумда мәлім еткен еді. Оның айтуынша, әлем бойынша мал шаруашылығындағы шығындардың 20%-ға дейінгісі түрлі аурулармен байланысты. Қазақстан алдында мал басын көбейту және экспортты арттыру міндеттері тұрғандықтан, ветеринариялық қауіпсіздік саланың тұрақтылығына әсер ететін негізгі факторлардың біріне айналып отыр.
Депутаттың сөзінше, мемлекет ветеринариялық бақылаудың құқықтық және институционалдық негіздерін күшейтіп жатыр. Бұл бағытта заңнамаға өзгерістер енгізіліп, инфекциялық ауруларға қарсы күрес стратегиялары қайта қаралуда. Оның ішінде сауда нысандарында күнделікті бақылау жүргізу мүмкіндігін енгізу, сондай-ақ мал иелерінің жауапкершілігін арттыру мәселелері пысықталуда.
Сондай-ақ Ауыл шаруашылығы министрлігі халықаралық ұйымдар – Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымы, FAO және ДДСҰ сарапшыларының қатысуымен жұмыс тобын құрған. Бұл топ бруцеллез, құтыру, туберкулез, сібір жарасы сияқты қауіпті ауруларға қарсы күрес тәсілдерін жетілдірумен айналысып жатқаны айтылған еді.
Депутат ветеринария саласын дамытуда цифрландырудың маңызына да тоқталды. Оның айтуынша, жануарларды есепке алу мен бақылау сапасы цифрлық жүйелер арқылы жақсарады. Қазіргі таңда ақпараттық жүйелер жаңғыртылып, өзара интеграциясы қамтамасыз етілуде. Сонымен қатар 2026–2027 жылдарға арналған бағдарлама аясында ветеринария саласына шамамен 195 млн доллар көлемінде қаржы қарастырылған.
Қазақстандағы жағдай қалай?
Қазақстанда мал ауруларының арасында қандай да бір індетті жиі кездесетін ауру ретінде нақты бөліп көрсету дұрыс емес. Дегенмен, 2024 жылда тіркелген ошақтарды 2025 жылмен салыстырғанда ошақтардың көрсеткіштері едәуір төмендегені байқалған. Бұл ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан кешенді жұмыстардың нәтижесін көрсетеді.
Атап айтқанда, профилактикалық вакцинациялау, тұрақты мониторингтік диагностикалық зерттеулер, жануарларды бірдейлендіру, сондай-ақ шектеу және сауықтыру шараларының уақытылы атқарылуда, - делінген Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми жауабында.
Министрлік аусылға қарсы нақты шараларды да атады. Ресейдегі эпизоотиялық жағдайға байланысты Қазақстанда 13 қаңтар мен 24 ақпан аралығында кезең-кезеңімен шектеулер енгізіліп, тірі мал мен жануарлардан алынатын өнімдерді әкелуге және транзиттеуге толық тыйым салынған. Бұған дейін мұндай шектеулер Қытай, Әзербайжан және Қырғызстанға қатысты да қолданылған.
Елімізде аса қауіпті аурулардың таралуына жол бермеу үшін ауыл шаруашылығы жануарларына аусылға қарсы вакцинация жүргізілуде. Вакциналар құрамында өзекті штамдар бар және олар QazBioPharm мен ВНИИЗЖ өндірісінен алынған. Сонымен қатар ел ішінде малды өңірлер арасында тасымалдауға шектеу қойылған.
Батыс Қазақстан облысындағы киіктер популяциясына жүргізілген тексерулер барысында кейбір дараларда әлсіреу белгілері байқалғанымен, аусылға тән патологиялық өзгерістер анықталмаған. Биологиялық сынамалар зертханаға жіберілген.
Ведомство мәліметінше, қазіргі таңда Қазақстан аумағында ауыл шаруашылығы жануарлары арасында аусыл дерегі тіркелмеген. Эпизоотиялық жағдай ветеринариялық қызметтің тұрақты бақылауында.