Көрші ел 12 жылдық білім жүйесіне көшеді

Өзбекстанда мектептегі білім берудің 12 жылдық моделіне кезең-кезеңімен көшуге дайындық басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі gazeta.uz сайтына сілтеме жасап.

Белгілі болғандай, алты жастан бастап міндетті бір жылдық дайындық жалпы мектеп жүйесінің құрамына енгізіледі.

Дайындық жұмыстарының басталғанын Мектепке дейінгі және мектеп білім беру министрінің орынбасары Сардор Раджабов "Узбекистан 24" телеарнасының эфирінде мәлімдеді.

Оның айтуынша, бүгінде балалардың басым бөлігі дайындық топтарымен қамтылған. Енді бұл кезеңді ресми түрде мектеп құрылымына қосу жоспарланып отыр.

Дайындық кезеңін мектеп жүйесіне біріктіріп, 12 жылдық білім беру форматына көшу міндеті қойылды, – деді ол.

Министр орынбасарының сөзінше, жаңашылдық оқу сапасын арттырып қана қоймай, шетелде білім алуға ниетті талапкерлер үшін туындап отырған шектеулерді де жоюы тиіс. Қазіргі таңда Өзбекстан түлектері көптеген елде жоғары оқу орнына түсу үшін қосымша дайындық жылынан (foundation) өтуге мәжбүр. Бұл оқу мерзімін іс жүзінде ұзартады.

12 жылдық жүйе заңнамалық тұрғыда бекітілгеннен кейін, біздің түлектер бірқатар елде foundation кезеңінсіз бірден бакалавриатқа түсе алады, – деп түсіндірді Раджабов.

Президент жарлығы жобасына қоса берілген түсіндірме материалдарда Өзбекстандағы қазіргі мектептегі оқу ұзақтығы халықаралық тәжірибеге толық сәйкес келмейтіні айтылған. Қолданыстағы жүйе оқушыларды жоғары оқу орындарына жүйелі әрі бірізді дайындауды толық қамтамасыз ете алмай отыр. Соның салдарынан жыл сайын шамамен 15 мың түлек шетелде қосымша бір жылдық дайындықтан өтеді.

Сараптамалық деректерге сәйкес, 2022 жылғы PISA халықаралық зерттеуінде көш бастап тұрған 20 елдің 85 пайызында мектептегі білім беру 12 жылға созылады. Осы тәжірибені Өзбекстан да бейімдеуді жоспарлап отыр. Қазірдің өзінде іс жүзінде жүзеге асып жатқан алты жастағы балаларға арналған дайындық жылы бастауыш білім беру құрамына енгізіледі. Бұл үшін жаңартылған модель бойынша 3666 мектепте және 1013 мемлекеттік мектепке дейінгі білім беру ұйымында дайындық сыныптары ашылады.

Сондай-ақ бастауыш сынып мұғалімдерін даярлау бағдарламалары да жаңа кезеңді ескере отырып қайта қаралады. Реформаны жүзеге асыру үшін "Білім туралы" және "Мектепке дейінгі білім беру және тәрбие туралы" заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген.

Ұсынылып отырған 12 жылдық білім беру құрылымы мынадай болады:

  • 1 жыл – дайындық кезеңі + 4 жыл бастауыш білім;
  • 5 жыл – негізгі орта білім (5–9 сыныптар);
  • 2 жыл – жалпы орта білім (мектептер, академиялық лицейлер, әскери оқу орындары немесе техникумдар).
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов
Өзгелердің жаңалығы