Коррупцияның арқасында дүние жинап, оларды басқаларға тіркеу схемасы бар – Ахметжанов
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов айтты.
Агенттік басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның жобасы бірінші оқылымда таныстырды.
Президент коррупцияға қарсы қатаң және аяусыз күресті күшейтуді тапсырды. Жуырда болған оқиғалар осы індетті жою үшін нақты және жүйелі шаралар қажет екенін көрсетті. Осыған орай Мемлекет басшысы 2 ақпанда жемқорлыққа қарсы саясаттың жаңа концепциясын бекітті, - деді төраға.
Концепция коррупцияның себептерін жоюға, жемқорлыққа деген парагдигманы өзгертуге, жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Заң жобасы арқылы 11 заңнамалық актіге, оның ішінде 3 Кодекске түзетулер көзделіп отыр.
Марат Ахметжанов заң жобасының негізгі бағыттарына тоқталып өтті.
Біріншісі, негізсіз баюға жауаптылықты қарастыру. Ұсынылып отырған норма жемқорлыққа қарсы күрес жүйесінің маңызды бөлігі. Жасыратыны жоқ, коррупцияның арқасында дүние жинап, оларды басқаларға тіркеп, активтерді жасыру схемасы бәріңізге мәлім. Ал осы жасырын байлыққа заңсыз жолмен ие болғанын дәлелдеу оңай емес. Сол себепті азаматтардың шығындары заңды табысынан негізсіз асып кетсе, тиісті шаралар қабылдау қажет, - деді Антикор басшысы Мәжілісте.
Осыған байланысты агенттік қолданыстағы заңнамада көзделген 10%-дық жеке табыс салығынан басқа, (Салық кодексі 72-бап) мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін күшейтуді ұсынып отыр.
Атап айтқанда, шенеуніктердің шығыстары мен табыстарының айырмашылығы 1 000 айлық көрсеткіштен асып түссе, фискалдық санкция қаралады, атап айтқанда, 3 млн теңгеден асса. Яғни айырмашылық сомасының 90%-ы әкімшілік айыппұл ретінде қайтарылады. Ал егер сол айырмашылық жылдық табыстан асып жатса, мансаптық жаза қаралады, - деп түсіндірді Ахметжанов.
Сонымен қатар мемлекеттік қызметтен үш жылға теріс себептермен босатылады. Бұл ретте, әрбір жағдайда заңдылығын түсіндіру мүмкіндігі беріледі.