Коррупцияны түбімен жою керек - депутат
Мәжіліс депутаты Айгүл Құспан бұл туралы Мәжілістің кулуарында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутат екі айда жұмыс сапармен бірқатар өңірде және шетелде болғанын айтты.
Жазда бірнеше халықаралық іс-шара өткіздік. Өзбекстандағы Президентті сайлау науқанын бақылауға бардым, - деді депутат.
Депутат Алматыдағы сайлаушыларымен кездескен.
Өзім Алматы қаласында туып-өстім. Менің сайлаушыларым сонда тұрады. Олармен өте жақсы кездесу өткіздім. Азаматтарды қабылдадым. Зейнеттегі әскери адамдар проблемаларын көтерді. Айтуларынша, кейбірінің зейнетақысы төмен. Ол әртүрлі жағдайға байланысты. Мысалы, отставкаға ертерек шыққаны, - деп айтты Айгүл Құспан.
Ол кездесуде көтерілген сұрақтармен осы сессияда айналысатынын жеткізді.
Қатпарланған, жиналып қалған мәселелер көп. Оны ешқандай Үкімет бір күнде шешіп бере алмайды. Бұл Үкімет жұмыс істеп, тырысып жатыр. Бізге, барлығымызға сөзді қойып, жұмыс істеуге көшу керек. Бар адами капиталмен жұмыс істеу керек, сол кезде нәтиже болады, - дейді Құспан Мәжілістің кулуарында.
Депутат ата-бабамыз аңсап кеткен тәуелсіздігімізді сақтап қалу үшін жұмыс істеу керегін айтты. Ол маңызды мәселені атады.
Ең маңыздысы – коррупциямен күрес. Оны мүлдем жоюымыз керек. 30 жыл бойы санамызға мәселелерді «пара беру жолымен шешу керек» деген түсінік сіңіп кетті. Оны тоқтату керек. Коррупциямен тек Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі ғана емес, онымен халық болып күресу керек. Мысалы, біреу көтерілу үшін ақша сұраса, оны бірден тоқтату керек. Әсіресе оңтүстік өңірлерде жұмысқа кірейін десең, пара беру керек, өсейін десең, тағы пара беру керек. Бұл сұмдық қой. Мұндай дүние сананы уландырып жатыр. Жемқорлық елімізді, халқымызды бүлдіріп жатыр, - дейді Айгүл Құспан.
Депутат коррупция мәселесі ұлттық қауіпсіздікпен тікелей байланысты екенін еске салды. Айгүл Құспан жемқорлық жөнінде бірден құзырлы органдарға хабарлау керегін айтты.