Көрпеге қарай көсілетін уақыт келді – Тоқаев
Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында осылай мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мен реформалардың нақты бағыты мен оны жүзеге асыру жолдары туралы осыған дейін де айттым. Үкімет ел экономикасын тұралап қалудан сақтап, орнықты дамуды қамтамасыз ету үшін күрделі шешімдер қабылдауы керек және ең бастысы сол шешімдерді іске асыруға тиіс. Бұл – жоғары білікті әрі жауапкершілік алуға дайын мемлекеттік қызметшілердің қолынан келетін жұмыс, - деді Тоқаев.
Ол Үкіметтің кеңейтілген отырысында әлемдік тәжірибеге қарасақ, мемлекеттік аппараттың тиімділігі осындай күрделі кезеңдерде айқын көрінетінін айтты.
Үкімет қаншалықты қиын болса да, жаппай үнемдеуге көшіп, бюджет қаржысын тек қана аса өзекті мәселелерді шешуге жұмсауы керек. Көрпеге қарай көсілетін уақыт келді. Орынсыз шығынды тоқтатып, аяғымызды тартып басу қажет, - деп ескертті Президент.
Еске салсақ, бүгінгі Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы қосымша құн салығын көтеруге қатысты ұсынысты қолдады. Сондай-ақ, Президент халықты ұлттық валютаның жағдайы алаңдатып отырғанын айтты.