Коронавирус: Вице-министр қандай сайттардың ақпаратына сенуге болатынын айтты

Алматы, BAQ.KZ тілшісі.  Ресми сайттан бөлек бейресми ақпарат көздері де жұмыс істеп жатыр. Көптеген чат, телеграм-бот бар. Олар қандай ақпаратты қолданып жатқанын біз тексере алмаймыз. Бұл туралы ҚР денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев мәлімдеді.

Вице-министр ресми мәлімет тарататын ақпарат көздеріне тоқталып, қандай сайттарға жүгіну керектігін жеткізді.

Денсаулық сақтау министрінің тапсырмасы бойынша, осы жылдың қаңтар айынан бастап Ішкі істер министрлігі, Сыртқы істер министрлігімен бірлесе отырып жұмысты бастаған едік. Елімізге қанша азаматтар келді, қаншасы кетті деген тұрғыда көптеген жұмыс атқардық. Қазір еліміз бойынша әуе және темір жол қатынасында қанша адам жүретіні туралы мәліметтердің бәрі бізде бар. Жалпы коронавируспен күресте сoronavirus2020.kz атты біздің ресми сайтымыз, яғни мемлекеттің ресми сайты. Бүкіл Қазақстан Республикасында болып жатқан соңғы мәліметтердің барлығы тек осы сайтта орналастырылған. Сондықтан осы сайттың ақпаратына сүйенген дұрыс, - деді ол. 
Сондай-ақ ол, ресми сайттан бөлек бейресми ақпарат көздері де жұмыс істеп жатқанын айтып өтті. 
Қазір көпшілік қашықтан жұмыс істеуде және елге ақпарат жеткізсем деген мақсатпен жазып жатыр. Көптеген чат, телеграм-бот бар. Олар қандай ақпаратты қолданып жатқанын біз тексере алмаймыз. Сондықтан ресми сайтқа жүгінгендеріңіз жөн, - деді вице-министр. 

Сөз арасында ол халықты толғандырған сұрақтар бойынша арнайы телеграм-ботын іске қосқандарын жеткізді.

Қазір көпшілік смартфон қолданады, сондықтан біз Денсаулық сақтау министрлігінің атынан телеграм-ботты іске қостық. Оның негізгі мақсаты – коронавирустан қалай сақтауға болады, коронавирус дегеніміз не, маска кию керек пе, қандай дәрілер көмектеседі деген сияқты мәліметтерді азаматтарға жеткізіп отырамыз. Онда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының және ҚР ДСМ-нің  тек дәлелденген мәліметтері жарияланады. Қазір бұл ботқа жазылушылар саны 17 мыңға жетті. Азаматтар ол жерден күнделікті қойып жүрген сұрақтарына жауап ала алады. Жауаптың бәрі ғылыми түрде негізделіп, бекітілген, - деді ол.
Сонымен қатар, қауіпті вирусты анықтайтын онлайн-анкета да жасалыпты. Оны Семей медицина университетімен бірлесе отырып жасап шыққан. 
Мәселен, азаматтарда кішкене күдік пайда болатын болса, ол коронавирус па, қайда шағымдануым керек дегеннен  бұрын алдында осы сайтқа кіріп, 3-4 сұраққа жауап берсе ары қарай нұсқау береміз. Оның жауабы 2 секундта дайын болады, - деді Олжас Әбішев.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы