Коронавирустық инфекция: Қытай шекарасы арқылы өту пунктерінде бақылау күшейтілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қытайдан тарап жатқан коронавирусқа байланысты шекара арқылы өту пунктерінде санитариялық бақылау шаралары күшейтілді. 

Бүгінгі күні мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттерінде 14 713 адам қаралды. Қытайдан келген адамдар арасында дене қызуы жоғары және ауру белгілері бар адамдар анықталған жоқ. 

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігі комитеті төрағасының орынбасары Жандарбек Бекшин Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді. 

Бүгінде 571 жағдай тіркелді, 17 адам вирустан көз жұмды. Ухань қаласында теңіз өнімдерін сататын 7 көтерме базарлары бар. Осы көтерме базардың басқалардан айырмашылығы ол жерде экзотикалық тағамдар сатылып жатыр. Ұшатын тышқанның тағамдары, құс еттері, жабайы мысық пен жабайы иттердің етінен жасалған тағамдар сатылуда. Көбінесе осы аурулар осы базармен тікелей байланысты, - дейді Бас санитариялық дәрігер Жандарбек Бекшин.

Жаңа коронавирус – бұл бұрын адамдарда анықталмаған жаңа штамп екенін айта кетейік. Алдын ала эпидемиологиялық тергеп-тексеруге сәйкес ауырған адамдардың көбі Ухань қаласында орналасқан Хунань теңіз өнімдерінің көтерме сауда базарында өңдеушілер болып жұмыс істеген және оған жиі барып тұрған. 

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әуелде "адамнан адамға жұқпайды" деген. Алайда, вирустың жоғары концентрациясы болғандықтан, адамнан адамға жұғады деп отыр. Қазіргі таңда Ухань қаласына карантин қойылды. Бұл өте жақсы шешім деп айтуға болады. Біз түсініктеме жұмыстарын жүргізіп жатырмыз, Әуе жолымен Қытайға ұшып бара жатқан халық пен жолаушыларды, экипаж мүшелерін қадағалауға алдық. Тәулік бойы бақылауда ұстап отырмыз, - деп атап өтті спикер. 

Министрлік өкілінің айтуынша, еліміздегі барлық халықаралық әуежайында жолаушыларды қашықтық термометриядан өткізіп жатыр. Арнайы карантиндық пункттер орналасқан. 

Қазақстанның мемлекеттік шекарасындағы өткізу пункттерінде, әсіресе Қытай Халық Республикасынан келетін барлық адамдарға міндетті түрде байланыссыз термометрия жүргізіледі. Әуежай, шекара және кеден қызметінің қызметкерлерімен, бортсеріктермен, ұшу құрамымен, жолаушылар пойыздарының жолсеріктерімен профилактикалық жұмыс жүргізіп жатырмыз, - деп айтты Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігі комитеті төрағасының орынбасары.
Баса назар аударған жөн, Қазақстан қалаларынан Ухань қаласына тікелей әуе рейстері жоқ. Қазақстанда жаңа коронавирусты анықтай алатын тест әзірленетіні мәлім болды.

Бұған дейін, 473 адамнан коронавирустың жаңа типі табылғаны, ал оның 17-сі көз жұмғаны хабарланған болатын. Соңғы мәліметтерге сәйкес, Қытайда ауруға шалдыққандар саны 571-ке жетті, оның 95-сі ауыр жағдайда.

Қытайдан басқа Гонконг, Макао, Тайван, АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея, Таиландта да адамдардың жұқпалы ауруға шалдыққаны белгілі болды. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы