Коронавирустың тұмаумен ешқандай ұқсастығы жоқ – профессор

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Коронавирус ойдан шығарылған нәрсе емес. Вирусолог ғалымдар бұл індеттің жасанды емес, табиғи түрде пайда болғанын және оның геномдық айырмашылығы бойынша анықталатынын айтты. Сондықтан бүгінде СОVID-19 ауруы және оның қоздырғышы – SARS-CoV-2 фактісі дәлелденген. Бұл туралы пульмонолог дәрігер, медицина ғылымдарының докторы, профессор Сәуле Қасенова сұхбаттасу барысында айтты.

- Коронавирус тұмаудың бір түрі деп жатамыз, сонда оны тұмауды емдегендей емдеуге болмай ма? Жалпы осы ауру жайлы қысқаша айтып берсеңіз?

- Бәрімізге белгілі 2019 жылғы желтоқсанда Қытайдың Ухань қаласында бұған дейін белгісіз болып келген жаңа коронавирус инфекциясы пайда болды. Халықаралық ұйымдар жаңа коронавирусқа SARS-CoV-2 деген ресми атау, ал осы вирустан болған ауруға COVID-19 ("Coronavirus disease 2019") деген анықтама беріп отыр.

Адам ағзасына вирус енгеннен инкубациялық кезең өткенге дейін шамамен бір аптадай уақыт өтеді. Осы уақытта аурудың еш белгілері болмайды, алайда жұқтырған адам вирусты тасымалдаушы болып табылады және қоршаған орта үшін ол аса қауіпті. Бұдан әрі дене қызуының көтерілуі, құрғақ жөтел, тыныс алудың қиындауы, иіс пен дәмді сезбеу және тағы басқа белгілері пайда болады.

COVID-19 ерекшелігі – тыныс алу жолдарының жылдам асқынуы, оның ішінде шұғыл түрде респираторлық көмекті талап ететін тыныс алу жолдарының ауыр түрінің дамуы.

Тұмау да жіті инфекциялық ауру, оның қоздырғышы – А және В топтарындағы вирустар. Тұмау ауруының ағымы мен профилактика жасаудың әдістері секілді өзіне тән ерекшеліктері болады, яғни олар жыл сайын күз мезгілінде тұмауға қарсы вакцинация жасау. Сонымен қатар, жылдың суық мезгілінде риносинцитиалды вирус, аденовирустар, риновирустар және тағы басқа жіті респираторлық вирустық аурулар да жиі дамиды. Өз қоздырғышынан туындаған аурулардың әрқайсысында аурудың ағысы мен оны емдеудің ерекшеліктері болады. Сондықтан 2019 жылғы коронавирус инфекциясының тұмаумен ешқандай ұқсастығы жоқ. Бұл коронавирус тұқымдасының жаңа вирусынан туындаған, бұған дейін белгісіз болған ауру.


- Осы індетті жұқтырып, қайтыс болғандардың көбінде өзге ауруы қозып, әсіресе өкпе, тыныс алу жолдарының созылмалы ауруы бар адамдардың жағдайы мүшкіл болып кетті деп жатады. Осындай аурулары бар адамдар үшін коронавирус қауіпті ме?

- COVID-19-дан болатын өлім санының дүниежүзілік статистикасы осы аурудан қайтыс болғандардың арасында артериялық гипертония, жүректің ишемиялық ауруы, қант диабеті секілді ілеспелі аурулары бар егде жастағы адамдардың жиі болатындығын дәлелдеді. Егде адамдар вирустық инфекцияны ауыр көтереді және соның салдарынан болатын жағымсыз болжам бар. Өкпенің созылмалы обструктивті ауруы (ӨСОА), бронх демікпесі, өкпенің интерстициалдық аурулары секілді тыныс алу жолдарының созылмалы аурулары бар пациенттер бірінші кезекте "тәуекел тобында" болады, себебі олардың тыныс алу жүйесінің вирустық жүктемеге қарсыласу қабілеті өте төмен. Жаңа коронавирус тыныс алу көлемінің резерві және ағзаның орын толтыру мүмкіндіктері мейлінше төмендеген ӨСОА ауруы бар пациенттер үшін аса қауіпті.

- Сіз өкпенің созылмалы аурулары бар адамдар осы сырқатқа бейім келеді деп айттыңыз. Ондай адамдар инфекцияны жұқтырмас үшін не істеу керек?

- Тыныс алу ағзаларының созылмалы аурулары бар адамдар COVID-19 жоғары тәуекел тобына кіреді. ӨСОА секілді аурулардың асқынуы демігу, жөтелдің күшеюі, іріңді қақырықтың көбеюімен байқалады, бұл өте қауіпті, себебі әлсіреген ағзаның коронавирусты жұқтыру қаупі артады. Сондықтан ингаляциялық препараттарды қабылдауды ұмытпай және аурудың асқынуының алдын ала отырып, барлық сақтану ережелерін орындау қажет. Үнемі үйдің ауасын желдетіп отыру маңызды. Мысалы, менің пациенттерім таңертең 15 минут тыныс алу гимнастикасын жасауға үйренген, олар денсаулықтарын күтеді және қолжетімді шаралармен нығайтып отыруға тырысады.

- Мүмкін сізде тыныс алу жолдарының ауруларымен ауыратын адамдардың тізімі бар шығар? Олар есепке алынды ма?

- Менен тыныс алу ағзаларының түрлі аурулары бар пациенттер консультация алады. Олардың көбісі бірнеше жылдар бойы бақылауда тұрады. Олар ауруды асқындырып, емделу үшін стационарға қаралғанша, аурудың асқынуының алдын алған дұрыс екендігін біледі.

ӨСОА, бронх демікпесі бар және пневмония және басқа аурулармен ауырған пациенттер тұрғылықты мекенжайы бойынша емханада диспансерлік есепте тұрады. 2020 жылдан бастап еліміз бойынша жаппай енгізілген Ауруларды басқару бағдарламасы (АББ) бойынша ауруларды бақылау тобына ӨСОА да кіреді. Осы маңызды бағдарламаға "Кардиология және ішкі аурулар" ҒЗИ-дің Респираторлық орталығы жетекшілік етеді. Осы пациенттермен пилоттық режимде Алматының екі емханасында және Нұр-Сұлтан қаласының бір емханасында біз оқытқан дәрігерлер жұмыс жасайды. Бұл бағдарламаның мақсаты өз денсаулықтарын басқару барысына тарту, яғни сырқат симптомдарын өз бетінше бақылау, осындай белгілер пайда болған кезде дәрігерге ерте қаралу, емді түзету, саламатты өмір салтының ережелерін сақтау болып табылады. Пациенттің дәрігермен бірлескен диалогы ӨСОА тұрақты ағымының кепілі болады.

- Қазір бізде осы індеттен жазылып шығып жатқандар бар. Кейбірі тіпті 10 немесе 14 күнде емделіп шығып жатыр екен. Соған қарағанда "Бұл аурудан айығу соншалықты қиын емес пе?" деген ой келеді. Осы емделу жағына тоқталып өтсеңіз?

- Коронавирус инфекциясының ағымы әртүрлі: жеңіл, орта және ауыр дәрежесі болуы мүмкін. Аурудың жеңіл ағымында симптоматикалық ем жүргізу және карантин шараларын орындау жеткілікті болады.

Біздің елге келген Қытай дәрігерлері COVID-19 күресу тәжірибесімен бөлісті. Олар антибиотиктер тағайындамайды, жеміс шырыны және таблетка түріндегі дәстүрлі қытай медицинасының препараттарын қолданады. COVID-19 орта және ауыр ағымы кезінде ауру қоздырғышына теріс ықпал ететін препараттарды тағайындайды. Тыныс алу ағзаларының жиі зақымдануына және ауыр тыныс алу жеткіліксіздігінің дамуына байланысты респираторлық қолдау көрсететін шараларға жүгінуге мәжбүр болады, яғни өкпеге "дем алуға" көмектеседі. Бұл оттегі ингалияциясын тағайындау немесе күрделі жағдайларда – пациентке өкпені жасанды желдетудің көмегімен аппаратты демалуға жіберумен қол жеткізіледі.

- Елімізде кейбір адамдар осы індеттің бар екендігіне әлі де сенбейтін сияқты. Әлеуметтік желілерде "бұл алпауыт елдердің ойлап тапқаны" деп жазып жатқандар бар. Ондай адамдарға не айтар едіңіз?

- Өкінішке қарай, статистика СОVID-19 пандемиясы дертінің дүние жүзіне таралып отырғандығын дәлелдеп отыр. Вирусолог ғалымдар вирустың жасанды емес, табиғи түрде жасалғандығы, бұл оның геномдық айырмашылығы бойынша анықталатындығы туралы айтты. Сондықтан бүгінде СОVID-19 ауруы және оның қоздырғышы – SARS-CoV-2 фактісі дәлелденді.

Сонымен қатар, бұқаралық ақпарат құралдарында берілетін үрейлі ақпараттардың көбейіп кетуі адамдарда қорқыныш тудырып отырғандығына көңіл аударғым келеді. Тексерілмеген деректер берілуі мүмкін. Мен халыққа кәсіби эпидемиологтар, вирусологтар, инфекционистер, пульмонологтар мен басқа мамандық дәрігерлеріне сенген дұрыс болады дер едім.

- Алматы қаласында коронавирусты жұқтырғандардың көбісі медицина қызметкерлері. Сіздер қандай жағдайда жұмыс істеп жатырсыздар, қорғаныш киімдері мен басқа құралдармен қамтамасыз етілдіңіздер бе?

- Мен түрлі аурулармен ауыратын пациенттерді жоспарлы емдеуге арналған стационарда жұмыс істеймін. Карантин жағдайында бізде қабылдау, ауруханада жатқан пациенттерге туысқандарының келуі секілді кез келген қарым-қатынасқа тыйым салынды. Вирустық инфекцияның таралуының алдын алу бойынша барлық шаралар – жылуға ден қойғыштар тұр, қызметкерлерде жеке қорғану құралдары бар, санитарлық өңдеу шаралары орындалады. Қазақстанға өздерінің COVID-19 күресу тәжірибесімен бөлісуге келген қытайлық әріптестердің пікірінше, коронавирус инфекциясын жұқтырғандармен байланысу мүмкін жағдайларда жұмыс істейтін емханалар, медицина ұйымдарында бір рет пайдаланатын комбинезондар, көзілдіріктер, етіктер және медицина қызметкерлерінің барлық киім-кешегі болуы тиіс.

- Осы вирустың алдын алу үшін біздің оқырмандарға қандай кеңес берер едіңіз?

- Өз денсаулықтарыңызға мұқият қарауларыңыз керек деп кеңес берер едім. Дүние жүзінде өзінің тиімділігін көрсеткен карантин шараларын орындаңыздар. Дүкенге басқа адамдармен қарым-қатынастың болу мүмкіндігі аз уақытта, аптасына 2 рет тек қана қажетті азық-түлікке шығыңыздар, қоқысты мейлінше таңертең ерте немесе кешкі уақытта шығарыңыздар.

Оқшаулану отбасы мүшелерімен бірге көп уақыт өткізуге мүмкіндік береді. Стресті өз бетінше жеңіп шыға алмайтын жалғызбасты егде адамдарды, балаларды, жасөспірімдерді қолдаңыздар. Негативті стресс адам иммунитетіне кері әсер беретіндіктен, үрейлі көңіл-күйден алшақ болыңыздар. Теледидарды күніне тек қана қажетті ақпаратты алу үшін 2 сағаттан артық көрмеңіздер. Зиянды әдеттерден, әсіресе темекі шегу, жастар ішінде пайда болған электронды сигареттер мен кальян шегуден бас тартудың уақыты келді.

Тыныс алу жолдарының эпителиалық жасушаларын қорғайтын А, Е және С витаминдерін қабылдаңыздар. Гигиена шараларын орындаңыздар. Қауіпті уақыт та бітеді, өмір де өз қалпына келеді, ол үшін өзіңіздің және сізді қоршаған адамдардың денсаулығын сақтау қажет. Өзіңізді күтіңіз және аман болыңыз!

- Әңгімеңізге рахмет!
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы