Коронавирустың бедеулікке әкелетіні ғылыми дәлелденген – иммунолог

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің Жалпы иммунология кафедрасының меңгерушісі Эльмира Битанова коронавирусқа қарсы екпе төңірегінде тарап жатқан қауесеттерге жауап берді.

Қазір қоғамда коронавирусқа қарсы вакцина төңірегінде түрді қауесеттер шығып жатыр. Оның бірі бедеулікке байланысты. Маман «Екпе алғандар бедеулікке шалына ма?» деген сұраққа жауап берді.

Жалпы коронавирус инфекциясы жұққан соң одан бедеулік пайда болатыны, бедеулік қаупінің жоғары екені толығымен дәлелденген. Бұл вакцинадан емес, коронавирусты жұқпадан. Ал вакцина адамның жыныс жүйесіне, бала сүюдегі фертильді қызметіне ешқандай әсері жоқ. Себебі вакцина қоздырғыштың моделі. Біз вакцина салу арқылы иммундық жүйемізді коронавирусқа қарсы ешқандай жұқпасыз, еш қауіпсіз түрде жұмыс істеуге үйретеміз. Ағза коронавируспен екінші рет кездескенде иммундық жүйе онымен белсенді түрде күресіп, жояды. Яғни вакцина тек қана иммундық жүйемен жұмыс істейді, басқа әсері жоқ, - дейді Битанова.

Оның айтуынша, екпе емес, керісінше коронавирус жұқпасы адамның жыныс безін зақымдайтын көрінеді.

Коронавирус жұққан кезде адамның дәм, иіс сезу сезімдері жоғалады. Ауыз қуысында дәм сезімдеріне жауап беретін өз жасушалары, бездері бар. Вирус жұққанда олар зардап шегеді. Яғни коронавирустың бездерге әсері бар. Қазір біздің университеттің мамандары бұны зерттеп жатыр. Вирус жұқтырған адам жөтеліп, қақырғанда қақырық болмайды, яғни шырышты бөлетін бездер зақымдалады. Қазір көптеген ғылыми дәлелді мақалада коронавирустың жыныстық бездерге де әсері бар екені көрсетілген. Сондықтан бедеуліктен қорғанғысы келген адамдар керісінше вакцина қабылдауы керек, - деді маман.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы