Коронавирустың алғаш байқалатын симптомы анықталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Коронавирустың алғашқы симптомы ауыз қуысындағы бөртпе – энантема болуы мүмкін. Бұл жайында испан ғалымдары "JAMA Dermatology" ғылыми журналында жазды.
Зерттеуге сәйкес, ауыздың шырышты қабығындағы қатты бөртпе емдеудегі науқастардың 29 пайызынан табылған. Бұл симптом COVID-19 вирусының басқа клиникалық белгілерінен шамамен екі күн бұрын пайда болған.
Қазіргі уақытта ғалымдар бұл симптомның науқастар арасында қаншалықты кең таралғанын нақты айта алмайды. Бұған пациенттердің ауыз қуысын тексеруде қиындық тудыратын қауіпсіздік техникасының талаптары кедергі келтіріп отыр.
Зерттеуге 40 пен 69 жас аралығындағы 21 науқас қатысты.
Бұған дейін Ресейдің Денсаулық сақтау министрлігі коронавирусты жұқтырудың алғашқы симптомы – терінің зақымдануы болуы мүмкін екенін ескерткен болатын. Вирус жұқтырғандардағы тері бөртпесі мен дерматоздарды ведомствода жеті топқа бөлді: ангииттер; папула-сквамозды бөртпелер және қызғылт теміреткі; токсидермиялар; есекжем; инфекциялық эритемалар және қызылша тәріздес бөртпелер; милиария және эккринді тербөртпе түрі бойынша папуло-везикулезді бөртпелер; артифициалды зақымданулар (бет тіндерінің трофикалық өзгерістері).
17 шілдедегі мәліметтер бойынша, әлемде коронавирусты жұқтырған 13,8 миллионнан астам адам бар, оның ішінде 592 мыңнан астамы адам қайтыс болды, ал 7,7 миллион адам аурудан айықты. Ең көп жұқтырғандар АҚШ, Бразилия, Үндістан, Ресей және Перу елдерінде.