Коронавирусқа шалдыққан науқастарға қандай дәрілер тегін беріледі?
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Нұр-Сұлтан қаласы филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Мәліметке сәйкес, тәулік бойғы стационарға емдеуге жатқызу кезінде пациент емдеу хаттамасына сәйкес қажетті дәрі-дәрмектерді алады.
Ал амбулаториялық деңгейде емдеу кезінде Денсаулық сақтау министрлігінің №75 бұйрығына сәйкес дәрілік қамтамасыз ету көзделген. Ол бойынша ел азаматтарының белгілі бір ауруға шалдыққан жекелеген санаттарын тегін немесе жеңілдікпен амбулаториялық қамтуға бағытталған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар бар.
Індет жұқтырған жағдайда пациент емдеуші дәрігерден рецепт алады. Оның негізінде науқасқа емхана дәріханасынан дәрі беріледі.
COVID-19 ағымының жеңіл және орташа ауырлық дәрежесінде (ЖРВИ белгілері) пациент парацетамол, ибупрофен қабылдайды.
Егер пневмония, тромбоэмболия қаупінің ықтималдығы орын алса, амбулаториялық деңгейде пациент дабигатран капсулалары мен ривароксабан, апиксабан, парацетамол және ибупрофен таблеткаларын ала алады.