Коронавирусқа қарсы вакцина сатып алу жоспарда жоқ – ДСМ
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлімдеді.
Оның айтуынша, қазіргі таңда елде бар екпе көлемі жеткілікті.
Бүгінгі таңда елімізде 4,5 млн доза вакцина бар. Аталған вакцина дозасының көлемі 9-10 айға дейін жеткілікті. Қазір вакцинаны игеруді, оның қажеттілігін, одан соң халықтың вакцинациялану деңгейін қарастырамыз. Бәрі соған байланысты. Бүгінгі таңда барлық вакциналар сатып алынды. Тағы да жаңадан сатып алуды жоспарлап отырған жоқпыз, - деп атап өтті Денсаулық сақтау министрі.
Сондай-ақ ол өзі басқаратын ведомствоның Мәжілісте 6,7 млрд теңге сомасында вакцина сатып алуға қаржыны неліктен сұрағанын түсіндірді.
Мәжілісте маған неліктен былтыр бас тартқан 6,7 млрд теңгені қайта сұрап отырсыз деген сұрақ қойылды. 6,7 млрд теңгені адам вирусы папилломасына қарсы жаңа вакцина шығару үшін сұраған едік. Ол қолдау таппады, Денсаулық сақтау министрлігі ол жаңа вакцина болғандықтан бұл шешіммен келісті. Себебі елдегі пандемия жағдайында әрі коронавирус инфекциясына қарсы вакцинация жүргізіліп жатқан еді. Ал ол жаңа вакцина негізінен жас қыздарға, жасөспірімдерге салынуы тиіс. Сондықтан ол мәселені күн тәртібінен алып тастадық, - деді еліміздің бас дәрігері.
Ал биыл неліктен сол көлемдегі сома сұралғаны кездейсоқтық деп отыр.
Биыл айтылған 4 млрд соманы біз дифтерия, көкжөтел, полиомиелит, гемофилдік инфекцияға қарсы пентавакцинаның бағасы өсіп кеткендіктен сұраттық. Бұл – 5 инфекцияға қарсы бір вакцина. Сонымен қатар 2 млрд теңге ұлттық күнтізбедегі барлық вакциналар үшін қосымша қажет болды, - деді ведомство басшысы.