«Коронавируспен ауырмайын» деп вакцина салдырттым». Шымкенттегі вакцина егу пунктінен фоторепортаж

Шымкент, BAQ. KZ тілшісі. Шымкентте коронавирусқа қарсы екпе жасайтын 37 пункт ашылған. Таңғы сағат 8:00-ден бастап кешкі сағат 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Сенбі-жексенбі күндері де адам қабылдайды. 11 сәуір, жексенбі күні Шымкенттегі № 3 қалалық емханаға барып, екпе егу жұмысын көріп, коронавирус вакцинасын салдыруға келген, вакцина салдыртқан тұрғындармен сөйлестік.

№ 3 қалалық емхана – Шымкент қаласының Нұрсәт шағын ауданындағы С.Бәйтереков көшесі бойында орналасқан. Еңселі ғимараттың бірінші қабатында COVID-19-ға қарсы екпе егу пункті бар. Кіреберіс маңдайшасына «Біз вакциналауды қолдаймыз!» деп жазылған. Пункт бірнеше кабинеттен тұрады. 


Келген адам ең әуелі вакцина жасатуға өз еркімен келгенін растайтын келісім парағына қол қояды. Сауалнама толтырады. Сауалнамада егілетін адамның жалпы жағдайынан бастап коронавируспен ауырған-ауырмағанына дейін сұрайды. Бас-аяғы 10 шақты сұраққа жауап берген соң, дәрігер кабинетіне кіреді. 



Дәрігер бөлмесінде келушіні тексеріп, аллергиясы бар ма, жоқ па, денсаулығына шағымы бар ма, жоқ па, соның барлығын сұрайды. Дене қызуы мен қан қысымын өлшейді. Егер вакциналауға қарсы көрсеткіштері жоқ болса, вакцина егу кабинетіне өтеді. Вакцина салдырады. Дәрігер тексеру барысында қарсы көрсетілімдері анықталса, онда вакцинаны кейінге шегере тұрады. Мәселен, қан қысымы жоғары болса, қан қысымы қалыпқа келуін күтеді, - дейді Шымкенттегі № 3 қалалық емхана бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Бақыт Тілешова. 

Мұнда вакцина салатын екі кабинет бар. Біріншісінде Спутник-V вакцинасының I компонентін салса, ал екіншісінде осы вакцинаның II компонентін салады. II компонент жоспарлы болады, яғни I компонентін салғаннан кейін 21 күннен соң салады. Сондықтан да сенбі-жексенбі күндері I компонентті салушылар келіп жатыр. Қазір әкелінген «Спутник-V» вакцинасының бір амплуасында 5 доза болады екен. Бір амплуаны бес адамға салады. Ашылған амплуаны 2 сағат ішінде салып үлгеру керек. 


Жұма, яғни 9 сәуір күні «Спутник-V» вакцинасының 1000 дозасын қабылдап алдық. Учаскелік дәрігерлер мен медбикелер арқылы халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, сенбі-жексенбі демалыс күндеріне шақырып, салып жатырмыз. Кеше сенбіде 60 адамға салынды. Бүгін түске дейін 80-нен астам адамға салдық. «Кешке дейін 100 адамнан асырамыз» деген жоспарымыз бар. Халыққа түсіндірме жұмысы жақсы жүргізілсе, халық өте белсенді. Бұған дейін сенбі-жексенбі күні мұндай вакцина егу жүрмеген еді. «Сондықтан халық келуі қиындау болар ма екен» деп ойладық. Жоқ, керісінше, белсенді түрде келіп, салдырып, кетіп жатыр, - дейді Бақыт Тілешова. 


Вакциналауға келіп жатқандардың дені — егде жастағы адамдар. Көбіне 50-60 жастағылар. Арасында жастар да бар. Дүйсенбі-жұма күндері жұмыста болып, сенбі-жексенбі келетін қызметкерлер де баршылық екен. Қазір вакциналауға халықты шақыру үшін учаскелік медбикелер мен дәрігерлер белсенді жұмыс істеп жатыр. Олар тұрғындарға жеке-жеке хабарласып, вакциналаудың пайдасын түсіндіріп, шақырады. Сондай-ақ, учаскелік медбикелер аумақтағы үйлерді аралап, түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. 



Вакциналауға өз еркімен келген, тіпті жаппай вакцинация басталуын асыға күткен тұрғынның бірі — 60 жастағы Әмірбек Кәуменов. 


Мына Таскен елді мекенінде тұрамын. Вакцина салынып жатқанын, қандай вакцина екенін теледидардан көріп, естіп-біліп отырамын. Ауылымыздағы медбикеге хабарласып: «бізде де вакцина салу басталса, айт» деп ескерткен едім. «Иә, ата, өзім хабар берем» деді. Міне, кеше хабарласып, вакцина салдыруға болатынын айтты. Содан бүгін баламның жұмыстан келуін күтіп, дереу осында келдік. Көзім көрмейді, 1 топтағы мүгедекпін. Балам алып келді. Мен вакцина туралы қорқынышты әңгімелерге сенбеймін. Бұл вакцинаны бізге салу үшін қаншама сынақтан өткізді. Мемлекет біз үшін, адамдар үшін жағдай жасап жатыр. Мемлекетіміз барлығын есепке алып, ойланып-толғанып істейді. Соның бәрін естіп-біліп отырған соң, өз еркіммен вакциналауға келдім. Бұған дейін коронавируспен ауырмадым. Сол енді алдағы уақытта да ауырмаудың қамын жасап, алдын алу үшін келдім, - дейді Әмірбек Кәуменов. 
Егу пунктінде егуден кейінгі күту залы бар. Вакцина егу кабинетінен шыққан адам тіке осы күту залына өтеді. Мұнда дәрігер бақылауында 30 минут болады. Қандай да бір кері жағдай болмаса, денсаулығы жақсы болса, 30 минуттан кейін үйіне қайтады. 


Біз барған мезетте күту залында бірнеше адам отыр екен. Барлығы да вакцина салдырып шыққан. Олардың бірі — 64 жастағы Дәметкүл Дәуренбекова. 


Вакцинация басталғанын теледидардан айтып жатыр ғой. Президенттің өзі де салдыртқанын көрдім. Мына астана мен Алматыда жаппай вакцинация жасатып жатыр екен. Бізде де басталғанын естіген соң, өз еркіммен келдім. Мына Тассай елді мекенінде тұрамын. Бұған дейін коронавируспен ауырмадым. «Биылғы коронавирус беті жаман, ауыр өтеді» деген соң, «тұмау болмайын» деп, сақтану үшін вакцина салдырттым. Вакцина жасатудың пайдасы бар екенін теледидардан үнемі айтады. Жаңа осы жаққа келе жатқанымда құрдас әйелдер кездесіп қалып: «сен салдырсай, сосын көреміз» деп әзілдейді. «Алматыда бәрі салдырып жатыр ғой. Бізден де үлкен жастағылар салдырып жатыр. Бәрі де пайдасы болған соң салдырады. Ауырып жатқаннан гөрі вакцина салдырып, өзін-өзі қорғауы керек» деп айттым. Үйде күйеуім бар. 66 жаста. Оған салдыруға бола ма, жоқ па, әзірге білмей отырмыз. Ал балам мен келінім енді салдырады. Міне, мен салдырттым ғой, енді туған-туыс, дос-жаранға да вакцина жасату керек екенін айтамын, - дейді Дәметкүл Дәуренбекова. 
 

Вакциналауға отбасымен келіп, екпе жасатқан адамдар да бар. Айтуларынша, ковидтен қорғанудың жалғыз жолы — вакцина. 

Әлия Қожамұратованың жасы — 48-де. Екі қызымен бірге вакцина салдыртты. 23 жастағы қызы Ләззат Нұр-Сұлтан қаласында тұрады. Қазір Шымкентте екен. Осы аралықта жаппай вакциналау басталғанын естіп, анасымен бірге келіпті. «Әуелі асқыну бола ма» деп уайымдап, қорыққан. Алайда вакцина жасатудың пайдасы көп екенін түсінген. Анасы Әлия Қожамұратованың айтуынша, әркімнің өз денсаулығы өзіне керек. Міне, сондықтан да вакцина салдыру қажет. 


Екі қызымды ертіп келдім. Былтыр қаншама адам ауырып, қайтыс болды ғой. «Сондай болмасын, аман болайық, иммунитет көтерейік» деп вакцина салдырттық. Вакцинаны Президент те салдырып, бәріне ұсынып жатыр. «Еліміз аман болсын, ауырмасын» деп вакцина жасатуды ұсынып жатыр ғой. Менде де әуел баста қорқыныш болды. «Чиптейді екен, тағы сондай болады екен» деген түрлі алып-қашпа сөздер көп айтылды. Соны естіп, алаңдап қалған едік. Кейін мұның барлығы өтірік екенін, ал вакцинаның дұрыстығына көзіміз жетіп, «отбасымызбен салдырамыз» деп шештік. «Дені сау ұрпақ керек» деп ойладық. Біздің отбасымыз коронавируспен ауырмады. Осы вакцина салдыртуға келер алдын «салдыртпа» деп айтқандар да болды. Әркімнің өз түйсігі, ойы ғой. Айта береді. Алайда әркімнің денсаулығы өзіне керек. Сол вакцина салдыруға қарсы болып жүргендер біздің вакцина салдыртып, аман-есен, ойнап-күліп отырғанымызды көрсе, бәлкім, ойынан айнып, вакцина салдыртуға келісетін шығар. Айналамда әріптестерім де вакцина салдыртып жатыр. Енді туған-туыстарыма вакцина салдырту керек екенін айтып жүремін, - дейді Әлия Қожамұратова. 

№ 3 қалалық емхана бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Бақыт Тілешованың сөзінше, вакцинадан күмәнданатын адамдар да бар. Алайда коронавирус індетінен сақтанудың жалғыз жолы — вакцина. 

Бізді қуантатыны — қазір вакцинаға сенетіндердің қатары артып келеді, өйткені халық бетперденің, оқшауланудың, тағы басқа сақтық шараларының тұрақсыз екенін, коронавирустан 100 пайыз қорғай алмайтынын түсініп, вакцина салдыртуға келісіп жатыр. Қазір вакцина егу пунктімізде 2 дәрігер мен 2 медбике жұмыс істейді. Енді тағы бір вакцина егу пунктін ашқалы жатырмыз. Екпе жасатуға келген адамның тұрғылықты мекен жайы бойынша тіркелуіне қарамаймыз. Қазақстан Республикасының азаматы болса, болғаны. Еліміздің қай түкпірінен келсе де, бастысы ҚР азаматы болса, онда екпе саламыз. Мейлінше, көп адамға вакцина салуымыз керек. Індет күшеймей тұрып, өршімей тұрып, мейлінше көп адамға вакцина салып үлгеруіміз қажет. Таңғы сағат 08:00-ден кешкі сағат 20:00-ге дейін вакцина саламыз. Келіңіздер, - дейді Бақыт Тілешова.

Шымкент қаласындағы COVID-19 инфекциясына қарсы егу пунктерінің мекен жайы










Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы