Коронавирусқа шалдыққандарға медициналық көмек көрсету мәселесі талқыланды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният COVID-19 шалдыққан пациенттерге медициналық көмекті ұйымдастыру мәселелері бойынша кеңес өткізді.
Оған облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың денсаулық сақтау басқармалары басшыларының орынбасарлары, миокард инфарктісі және жарақаттар кезінде медициналық көмек көрсетудің интеграцияланған моделін енгізу жөніндегі Үйлестіру кеңестерінің, инсульт және онкологиялық аурулар басқармаларының, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің құрылымдық бөлімшелерінің басшылары қатысты.
А.Ғиният атап өткендей, COVID-19 инфекциясымен күресуде мемлекет барлық мүмкіндіктерді және құралдарды пайдаланды.
Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, қажетті медициналық жабдықтармен, жаңа модульдік инфекциялық стационарлар салу бойынша шаралар қабылданды, қаражат бөлінді, КВИ емдеу және диагностикалау хаттамасы, іс-қимыл алгоритмі және т. б. әзірленді және үнемі жетілдірілуде.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде КВИ-дің таралу жағдайы тұрақталды және төмендей бастады.
Бүгінде халық арасында КВИ ауруының өсуін ескере отырып, жергілікті жерлердегі дәрігерлер тіркелген халықты, бірінші кезекте Д-есепте тұрғандарды тексеру бойынша жұмысты жалғастыру, науқастардың денсаулық жағдайының нашарлауын дер кезінде анықтау және қажет болған жағдайда ауруханаға жатқызу үшін коронавируспен ауырғандарға мониторинг жүргізу қажет. Жергілікті жерлерде жұмысқа мобильді бригадаларды белсенді тарту керек. Олар өз бетінше диагноз қойып, ем тағайындауы тиіс. Денсаулық сақтау басқармаларына КВИ белгілері және вакцинациялаудың артықшылықтары бойынша халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізу қажет, - деп тапсырды вице-министр.
Кеңес барысында, сондай-ақ, миокард инфарктісі және жарақаттар кезінде медициналық көмек көрсетудің интеграцияланған моделін енгізу, инсульт пен онкологиялық ауруларды емдеу бойынша Үйлестіру кеңестерінің жұмысы қорытындыланды.
Аталмыш кеңестердің ұсынымдары бойынша КВИ этиологиясы мен патогенезін ескере отырып, қан айналымы жүйесі аурулары бар пациенттерге ерекше назар аудару, пациенттерді динамикалық бақылаудан өткізуді жолға қою, науқастарды амбулаториялық деңгейде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, сондай-ақ мамандандырылған орталықтарды материалдық және кадрлық қамтамасыз етуді күшейту маңызды.