Коронавирус жүкті әйелдердің өлімін көбейтті – министр
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлімдеді.
Оның айтуынша, коронавирус инфекциясы салдарынан елімізде жүкті және жас босанған әйелдердің өлім-жітімі көбейген.
Жүкті әйелдер коронавирустан қайтыс болып жатты. Бұл жүктілік кезінде аталған вирустың ауыр өтуімен байланысты болды. Физиологиялық жағдайдың өзі аурудың жылдам және қарқынды таралуына әсер етті. Жалпы әлем бойынша пандемия кезінде ана бөлімі 3-4 есеге артты. Вирус бәріне жұқты, жастар да, дені сау адамдар да вирустың құрбаны болды. Сонымен қатар жүкті әйелдердің физиологиялық күйі мен төмендеп кеткен иммунитеті инфекцияның өршіп, өлім-жітіммен аяқталуына алып келді, - деп атап өтті ведомство басшысы.
Сонымен қатар ол ДДСҰ жүргізшен талдауларға тоқталып өтті.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жүргізген барлық талдау жұмыстары әлемде, соның ішінде Қазақстанда да бұл көрсеткіш былтыр өскенін көрсетті. Биылғы бірінші тоқсан бойынша елімізде аталған көрсеткіш бірден төмендеп, ана өлімі байқалған жоқ. Бірінші тоқсанда Атырау, Павлодар облыстарында ғана ана өлімі орын алды. Бұл облыстарда өлім-жітім деңгейі жоғары болатын. Оған ешқандай жаңа немесе қымбат техниканың қатысы жоқ, - деді министр.