Коронавирус. Желідегі жұрттың жанайқайы!

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 5 шілдеден бастап елде күшейтілген карантин жарияланды. Бұл мәселені шеше ме? Әлеуметтік желідегі халықтың жанайқайы мүлдем басқа! Осы ретте біразын жинақтап, жариялап отырмыз.

Қазір жағдай бақылаудан шығып кетті. Әлеуметтік желіге кіруге қорқасың. Бұрын туған күн иелері мен жаңа қызметке ауысқандарды құттықтайтындар басым болса, осы күні көңіл айтушылар көп. Әсіресе, Facebook некрологқа айналып кеткен. Ал халықты бұл қиындықтан алып шығады деген жоғарыдағылардың әрекетін түсіну мүлдем қиын. Мысалы, блогер Саясат Идеятұлы өзінің парақшасында биліктің жіберген қателігін айтқан екен.

Ерте ме, кеш пе, мына ел коронавирустан айығады. Қазір елмен көрген нәубет деп отырғандар, бәрі аяқталған кезде жақындарын жоғалтқандар кінәліні іздей бастары хақ. Дәл солар тура осы сұрақты қоятыны сөзсіз. Осы кезге дейін сұмдық қарқынды дамып келе жатқан, әлемнің дамыған елуінші елін еңсеріп, отыздыққа кіруге бара жатқан ел туралы ертегі айтып жатқан билікті бір вирус тоңқ еткізіп, ерінен аударып түсіре жаздады. Әрине, билікке вирусты жоқ қыл деп айта алмассың, бірақ мемлекеттің барлық құрылымындағы жүйесіздік - мешеу, өздігінен шешім қабылдауға қауқарсыз, саяси импотент шенеуніктерді жинап алғаны қазіргі қырғынға бірден-бір кінәлі, - дейді Саясат Идеятұлы.

Оның айтуынша, көктемдегі карантинде билік нақты стратегия жасаған жоқ. Соның зардабын тартып жатырмыз.

Ел екі ай карантинде жатты. Бұл уақытта вирустың біте қоймайтынын, бірнеше жылға жалғасатынын әлем ғалымдары күн сайын қақсап жатты. 

Елдің бәрі үйде жатқанда, вирус әлі өршімеген кезде, алдағы вируспен бірге өмір сүрудің стратегиясын жасап, дәрі-дәрмекті тарату мен аппараттармен қамтамасыз ету, денсаулық сақтау қызметін жетілдіруге берілген керемет мүмкіндік еді. Оның орнына билік шырылдауық шегірткенің керін келтіріп, концерт қоюмен болды. Халықтан ақша сұрап, өзіне қайтарып берді. Соңы не болды? Емханаға кіре алмаған қаптаған ауру, өздігінен емделуге дәрі дәрмек жетпей, қырылып жатқан халық, күніне бәленбай некролог жарияланатын әлеуметтік желі... Міне, қазіргі Қазақстанның шынайы бейнесі, - дейді әлеуметтік желі қолданушысы.

Бәріне халық кінәлі, тойға барды, анау-мынау деген - қыртыған әңгіме. Егер халық бәрін өзі істесе, расымен, биліктің не керегі бар?

31-арнада қызмет істейтін белгілі журналист Ирина Советжанқызы өзінің парақшасында "Адамдар ковидтен емес, емнің дұрыс болмауы кесірінен өліп жатыр" деген дәрігердің үндеуін бөлісті.

"ИВЛ-ге асықпаңыздар, өздігіңізбен демалуға тырысыңыз" деп бірнеше күннен бері оқырмандарымен көп құнды кеңесімен бөлісіп жүрген Айна деген дәрігердің @densaulik_парақшасына жазылып алыңыздаршы. Жансақтау бөлімінде жатқан адамның қолын көтеріп, қарапайым қимылдар арқылы демалысын реттеген. Бүгін Президентке үндеу жариялады. Видеосын салып отырмын. Дәрігер "елдегі емдеу хаттамасын өзгертсін, әйтпесе, қырылып қаламыз" деп отыр. Үндеудің қысқаша аудармасын жасап қойдым, толық нұсқасын тыңдаңыздар,- деген Ирина.

Дәрігер "адамдар ковидтен емес, дұрыс қолданылмаған емнің кесірінен, өкпенің ісігінен өліп жатыр. Менде нақты дәлелдер бар" деген. Ендеше, Ирина Советжанқызы аударған дәрігердің жазбасын ұсынсақ.

Мәселен, кеше бір адамды қарадым. Жансақтау бөліміне түскен күні өкпесінің 20  пайызы зақымданған. Екі күннен соң өкпесінің жартысына су толған. Мен өкпедегі суды ажырата аламын. Үшінші күні өкпенің тұтас зақымдануы болған. Бірақ бұл ковидті қабыну емес! Қазір жансақтау бөлімдерінде ем тамырдан жүргізіліп жатыр. Дәл осы ауру түріне бұл емнің қажеті жоқ. Оның үстіне, Қазақстанда дәл қазір, дәл осы ауру түріне арналған арнайы ерітінді жоқ. Тұз ерітінділері тіннің ісінуіне алып келеді. Қазір ауырып жатқан адамның бәрі қауіп тобы емес, егер ем дұрыс жүргізілсе! - дейді дәрігер.

Ол қазір ем қандай емдеу протоколымен жүргізіліп жатқанын білмейтінін, бірақ шамалап отырғанын айтқан. 

Өкпенің тұтас зақымдануы болған науқастың ертең рентген суретін көрсетемін. Адамдар ковидтен емес, өкпенің ісігінен өліп жатқанын үлкен жауапкершілікпен айтамын! Біздің инфекционист дәрігерлер неге басқа елдердің, соның ішінде Италияның тәжірбиесін зерттемейді? Адамдар тромбоздан өліп жатыр. Италияндықтар мұны түсінді. Біз онсыз да аз халықпыз. Бұлай кете берсе, шыбын құсап, қырылып қаламыз. 35-40 жастағы жап-жас жігіттер қайтыс болып жатыр. Олар дұрыс емес емдеу протоколының кесірінен қайтыс болып жатыр. Қаншама үлкен көлемдегі антибиотик препараттар негізсіз тағайындалуда. Мен мұны фармкомпаниялардың мүддесін тықпалау деп күдіктенемін. Олар адамдардың бауырын отырғызып, бүйрек жетіспеушілігі ауруын туындатуда, - дейді Айна.

Ол дәріхана желісінің жұмысы дәл қазіргі тірлігіне ашулы екенін және дәріхана қожайындарын тонаушы деп отыр.

Жеке меншік клиника дәрігерлері бағасы қымбат дәрілерді тағайындауда. Әріптестер, бұлай істеуге болмайды, доғарыңыздар! Сіздер мұның бәрінің бауырға қалай әсер ететінін білесіздер ғой. Бұл * ұлттың денсаулығы! Сіздер мені естиді деп ойлаймын, - деген ол.

Ал тележурналист Ерқанат Көпжасарұлы ауруханадағы орын тапшылығы туралы мәселені көтерген.

Ауруханаларда орын жоқ дейміз, ал Денсаулық сақтау министрлігін бұл жоқшылық аса алаңдатпайтын сияқты. Еліміздегі кейбір жекеменшік клиникаларға ковидпен күреске лицензия да берілмеген. Ала алмай жүр. Мәселен, "Неге?!" хабарында нарықтағы жекеменшік ауруханалар арасында гиганттардың бірі мемлекетке көмектесейін десе, билік лицензияны қасақана бермей отырғанын айтты. Егер рұқсат берілгенде мұндай аласапыран болмас еді дейді олар. Кешегі "адамдардың жаппай өлімі дәрігерлердің ем-домды дұрыс тағайындамауынан" деген дәрігердің  жанайқайы да осыған келеді. Бізде қарапайым халық қырылып жатқанда, жоғарыда лоббилер қақтығысы жүріп жатқан сияқты. Президент Үкіметке дәрі-дәрмек жетіспеушілігін 5 күнде шешуге тапсырғанымен, бір апта өтті, бұл мәселе әлі шешілген жоқ. Тоқаевты тыңдайтын құлақ жоқ па, әлде біз шынымен тығырыққа тірелдік пе?! - дейді Ерқанат Көпжасарұлы.

Бүгін елге белгілі спорт комментаторы, футболшы Диас Омаров қайтыс болды. Журналист Сайын Шәймерденнің айтуынша, атақты комментатор ауырған кезде жататын аурухана таба алмай қиналған.

Ағам Саянның (көгалдағы хоккейден Алматының "Динамосында" ойнаған атақты спортшы Саян Шаймерден - авт) өте жақын досы еді... Кеше Алматының ауруханаларынан орын таппай шарқ ұрып, тек кеш бата ІІМ госпиталіне зорға жатқыздық дегенді естіп едім... Даңқты Диастарға орын табылмай жатқанда, сонда қарапайым қазақтың көргені не болды?.. - дейді Сайын Шәймерден.

Одан кейін халық жазушысы марқұм Әбіш Кекілбайұлының жары Клара Жұмабайқызы қайтыс болды. Ақын Оңайгүл Тұржанқызы да жағдайды қысқаша түсіндіре кетіпті.

Әбіш Кекілбайұлының зайыбы Клара апа Жұмабайқызы өмірден өтті. Алдыгүні ғана сөйлескенімде ауруханада жатырмын, қызуым түсті, жақсымын деген. Даусы да ширақ еді. Жақсы болмады. Ауруханада ем дұрыс емес пе, не болып кетті өзі? Не болып кетті? Емдеу протоколында бір кемшілік бар ма? Не пәле мынау? - дейді Оңайгүл Тұржанқызы.

Билік басындағылар енді ойланатын шығар... 20 миллионға жетпейтін халықтың осылай қырыла беруіне жол бермейді деп сенеміз.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы