Коронавирус жағдайында балалар қалай білім алуда?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният хабарлады. 

Оның айтуынша,  халықаралық тәжірибені ескере отырып және елдегі күрделі эпидемиологиялық жағдайға байланысты ведомство оқыту форматын қайта қарастырған.

Біріншіден, Білім және ғылым министрлігі мен Біріккен ұлттар ұйымының балалар қорының (ЮНИСЕФ) ұсынымдары бойынша білім беру ұйымдарында оқыту форматы қайта қаралды. Мәселен, барлық мектепке дейінгі ұйым, бастауыш сынып және қуаты  600 оқушыға дейінгі мектеп штаттық форматта жұмыс істейді. 600-ден астам оқушысы бар  білім беру ұйымдарында толтыру 50%-дан аспау керек, бастауыш мектеп оқушылары штаттық режимде білім алады, - деді еліміздің бас дәрігері.

Сондай-ақ бұл ретте  оқыту форматын таңдау кезінде міндетті түрде вакцинациялаумен қамту деңгейі ескеріледі.

Жоғары оқу орындары мен колледждерде де сараланған тәсіл енгізілген: лекциялар – онлайн, қалған сабақтар  икемді кесте бойынша штаттық режимде өтеді. Бұл ретте, балалардың арасында да ЖРВИ мен КВИ-ден сырқаттанушылықтың 1,3 есе көбейіп отырғанын ескеріп,  санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау органдары карантиндік шаралардың орындалуына мониторингті жалғастыратынын және бұзушылықтар анықталған жағдайда, оқыту онлайн форматқа ауыстырылатынын атап өткен жөн, - деп атап өтті Ажар Ғиният.

Ведомство басшысы осыған байланысты, облыстардың, Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларының әкімдіктері оқушылардың арасында сырқаттанушылықтың күрт өсуіне жол бермеу үшін білім беру ұйымдарында санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуын қамтамасыз етуі қажет екендігін ескертіп отыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы