Коронавирус жұқтырған Мишустин жұмысына кірісті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ресей Президенті Владимир Путин премьердің жұмысына қатысты құжатқа қол қойды. Covid-19 инфекциясына шалдыққан РФ Премьер-министрі Михаил Мишустин өз қызметіне оралды. Бұл туралы ТАСС хабарлады.

Осы күнге дейін оның міндеттерін үкімет басшысының бірінші орынбасары Андрей Белоусов атқарған еді. Мишустин Премьерлік жұмысын енді өзі атқаратыны туралы құжат Кремль сайтында жарияланды. Үкімет басшысы осыған дейін аурухана ішінен бірнеше рет видео конференция форматында жиын өткізген болатын. Бұрын оның аурудан жазылып келе жатқаны және жақын күндері ауруханадан шығарылатыны жарияланған еді. 

Еске сала кетсек, Мишустиннен кейін Ресей үкіметінің  үш мүшесі коронавирус жұқтырды – Құрылыс министрі Владимир Якушев, Мәдениет министрі Ольга Любимова, Білім және ғылым министрлігінің басшысы Валерий Фальков. 

Ал 12 мамырда Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков дертке шалдығып, ауруханаға жатқызылған еді. Сол кезде ол президентпен бір ай бұрын кездескенін мәлім еткен болатын. 

Джонс Хопкинс Университетінің соңғы мәліметіне сүйенсек, Ресейдегі науқастардың саны 300 мыңға жеткен. Оның 2837-сі қайтыс болды. Бұл ел вирус жұқтыру көрсеткіші бойынша АҚШ-тан кейін екінші орында. 


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы