Коронавирус. Түркиядан келген студент жедел жәрдемге өзі хабарласқан

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Түркия елі үй карантиніне жатқызылатын елдер санатында емес. Сондықтан Стамбұлдан ұшып келген студент түнде жедел жәрдемге өзі хабарласқан. 

Бұл туралы Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев брифинг барысында айтты.

Оның айтуынша, студент қызды тексеруге барған дәрігерлер одан ЖРВИ белгілерін анықтамаған. 

Дегенмен, зертхана дәрігерлері қыздан қан сараптамасын алған, таңертең диагноз расталды. Оны жұқпалы аурулар емханасына жатқызып, туыстары үй карантиніне орналастырылды, - деді ол. 

Сондай-ақ, ол Балалар жұқпалы аурулар емханасында емделіп жатқан екі баланың жағдайы қанағаттанарлық екенін де айтып өтті. 

Балалардың температурасы жоқ. Екі жастағы қыз бала анасымен бірге жатыр, анасынан да коронавирус инфекциясы анықталған. Алматыда ем алып жатқан 17 адамның да жағдайы қанағаттанарлық. Ешбір науқас қолдан демалдыру аппаратын пайдаланып жатқан жоқ, - деді басқарма басшысы. 

Оның айтуынша, коронавирусқа қарсы ел бюджетінен Алматы қаласы үшін 73,5 млн теңге бөлінген, ал жергілікті әкімдік қорынан 94,5 млн теңге бөлінді. Қазір қалада коронавирусты таратпау бойынша тағы сұрау жіберіліпті, алдағы уақытта қосымша қаржы бөліну керек. 

Т. Әбілдаев сөз арасында тұрғындарды карантинге жатқызу орны жетіспесе 590 орынды жатақхана дайын тұрғанын айтты. Бұл қажеттілік туындаған кезде іске асырылмақ. 

Қалада коронавирус инфекциясын таратпау үшін 1300 медицина қызметкері жұмылдырылған. Олардың жартысы қаланың дәрігерлері. Қазір олар аурулармен байланыста болғандықтан тәуекел де жоғары. Дегенмен, олар барлық сақтық шараларын қолдануда. Туыстарымен, жақындарымен байланыспау керектігін жақсы біледі. Қазір олардың жалақысына қосымша сыйақылар қосу қарастырылып жатыр, - деді ол.
Айта кетейік, 18 наурыздағы қазіргі жағдай бойынша Алматы қаласында 17 адамнан коронавирус анықталып отыр. Бүгін екі жағдай тіркелді.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы