Қазақстандағы коронавирус тіркелмеген аудан
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгінгі күні Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында коронавирустық инфекция жұқтырудың бірде-бір жағдайы ресми тіркелген жоқ. Дегенмен, аудан тұрғындарына босаңсуға болмайды, сондай-ақ санитарлық ережелерді ұстану қажет.
Аудан әкімі Салтанат Әбеуова ZOOM платформасындағы онлайн-конференцияда өзіне сеніп тапсырылған аумақтағы эпиджағдай туралы және Жұмыспен қамту жол картасы аясында жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы айтып берді.
Біздің ауданда коронавирустық инфекция жұқтырғандар жоқ, бірақ бұған қарамастан санитарлық қауіпсіздік бойынша барлық шаралар қабылдануда. Әлеуметтік-мәдени орталықтар мен мекемелер қашықтан жұмыс істейді. Мемлекеттік мекемелерде, кәсіпорындар мен нысандарда қызмет көрсету барысында санитарлық талаптар күшейтілген. Санитарлық - эпидемиологиялық талаптардың сақталуын бақылау үшін төрт мобильдік топ жұмыс істейді, - деді Салтанат Әбеуова.
Ақтоғай ауданы басшысының айтуынша, орталық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімінде КВИ-мен ауыратындарға 9 төсек, 26 карантиндік және 66 тәулік бойы жұмыс істейтін орындар дайындалды, сондай-ақ қажетті дәрі-дәрмек қоры бар.
Сондай-ақ, ол Жұмыспен қамту жол картасы бойынша жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы айтып өтті. Ауданда жалпы құны 850 миллион 203 мың теңгені құрайтын 43 жоба бойынша жұмыс жүргізу жоспарлануда.
Бұл ретте көшені жарықтандыру, сондай-ақ барлық 16 ауылдық округтердегі жолдарды жөндеу жұмыстары қарастырылған. Мектептерде жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жұмыспен қамту жол картасы бойынша Сарышаған және Шашубай кенттеріндегі су, жылу және кәріз жүйелері жөнделуде. Қазір 12 жоба бойынша жұмыстар жүргізілуде, - деп түсіндірді Ақтоғай ауданының әкімі.
Жұмыспен қамтудың жол картасы бойынша көзделген жоспарларды жүзеге асыру үшін 220 жұмыс орны құрылады, оның ішінде 112 адам жұмыспен қамту орталықтары арқылы тартылады.
Ауданда "Ауыл - ел бесігі" бағдарламасы да белсенді жұмыс істейді, ол екі кезеңде жүзеге асырылады.
Бірінші кезең шеңберінде белгіленген жұмыстар Ақтоғай және Шашубай ауылдарында жүргізілуде. Шашубайдағы Отбасылық-дәрігерлік амбулатория аяқталуға жақын. Екі медициналық жобаның бірі Ақтоғай ауылында жүзеге асырылуда - мұнда аурухананың жанында жас мамандарға арналған ғимарат жөнделуде. Сондай-ақ, жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр - Ақтоғай кентінде бұл жұмыстар осы айдың соңына дейін аяқталады, - деп Салтанат Әбеуова "Ауыл - ел бесігі" бағдарламасы аясындағы жұмыстармен таныстырды.
Жұмыстың екінші кезеңі бойынша барлық конкурстық рәсімдер жүргізілді, деп атап өтті Ақтоғай ауданының әкімі. Мысалы, Шашубай ауылындағы мәдениет үйінің құрылысына конкурс аяқталды, мердігер анықталды. Сонымен қатар, ауданның Орталық саябағы бойынша конкурстық рәсім аяқталды.
Салтанат Әбеуова сондай-ақ барлық жұмыстар тиісті бақылауда екенін және оларды белгіленген мерзімде аяқтау жоспарланып отырғанын атап өтті.