Коронавирус: Тексерістен қорқудың қажеті жоқ
Ақмола, BAQ.KZ тілшісі. Ақмола облысына коронавирус инфекциясына қарсы сақтық шараларын күшейту мақсатында 36 млн теңге бөлінді.
Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің жетекшісі Айнагүл Мусинаның
айтуынша, өңірде Covid-19 вирусының алдын алу мақсатында санитарлық-эпидемиолиялық дайындық шаралары күшейтілуде.
1 ақпаннан бастап облыс аумағына 1900-ден аса адам келді. Қытайдан – 357 азамат келді, оның 13-і шетелдік азаматтар. ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысына сәйкес қауіпті індет тіркелген елдерден оралғандардан тұмау белгілері білінсе, оқшауланып ауруханаға жатқызылады. Осы уақытқа дейін облыста 25 адам инфекциялық бөлімде дәрігерлер бақылауында болды. Лабораториялық зерттеу нәтижесінде олардан жедел респираторлық инфекция мен тұмау белгілері ғана анықталғандықтан, қажетті ем-шаралар жүргізіліп, үйлеріне шығарылды. Карантин облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансері балалар бөлімшесінің жаңа корпусында мамандардың бақылауымен жүргізілуде. Адамдардың барлығы қажетті шараларды түсіністікпен қабылдауда. Әрине, кей жағдайда түсіндіру жұмыстарын жүргізуге де тура келеді. Бөлімше қажетті құралдар, дәрі-дәрмекпен толық қамтылған. Пациенттер үшін бар жағдай жасалған. Мысалы, Қытайдан эвакуацияланған төрт студент оқуларын бөлімшеде онлайн түрде жалғастырды. Облыста коронавируспен күресуге 36 млн теңге бөлінді. Төтенше жағдай орын алған жағдайда реанимациялық палаталар, мамандар дайын, - дейді Айнагүл Мусина.
Оның хабарлауынша, қауіпті вирустың алдын алу мақсатында препараттар, қорғану құралдары сатып алынған.
Медұйым қызметкерлері дайын болу үшін жаттығу сабақтары өткізілуде. Қауіпті Covid-19 вирусы елімізге таралған жағдайда медқызметкерлер эпидемия ошағында ұзақ уақыт жұмыс істейтін болады. Сондықтан да арнайы киім киген адамдардан, тексерістен қорқудың қажеті жоқ. Егер таныстар, болмаса көршілер вирусқа күдікпен оқшауланса, олар ауру дегендік емес. Бұл қауіпсіздік шаралары болып табылады. Мектептер мен балабақшаларда бақылау фильтрлері ұйымдастырылды. Тұмау белгілері бар балалар бірден емханаға жіберіледі. Кез келген медұйымда жедел респираторлық инфекция мен тұмау белгілері бар пациенттер жеке кабинетте қабылданады. Яғни олар басқа адамдармен бірге кезекте тұрмайды. Емханалар жұмысы кешкі 20.00-ге дейін ұзартылды. Қазіргі уақытта департамент жедел тәртіпте жұмыс істеуде, облыстық штаб, лабораториялар тәулік бойы кезекшілік жасайды. Шетелден келген азаматтардың тізімін жасаймыз. Коронавируске лабораториялық зерттеулер Нұр-Сұлтан қаласында жүргізіледі. Ал маусымдық вирустық инфекциялар өзімізде тексеріледі. Жақында провизорлық бөлімшеге қыз бала түсті. Тексеріс барысында балада маусымдық тұмау белгілері анықталды», - дейді департамент жетекшісі.
Дәрігер маман дәріханалардағы медициналық маскалар тапшылығына қатысты пікірін білдірді.
Біз дәріханалармен де жүйелі жұмыс жүргіземіз. Препараттар жеткілікті, дәрі бағасы қымбаттаған жоқ. Маусымдық суық тию аурулары кезінде дәріханалар 32 мың маска сатып алып жүрді. Бұған дейін маска тапшылығы болған емес. Қауіпті вирус туралы ақпарат тарағалы тұрғындар маскаларды жүздеп, мыңдап сатып алуда. Таза ауада, желдетілген бөлмеде маскасыз жүруге болады. Суық тию белгілері білінгенде бірден дәрігерге қаралған жөн. Елімізде бес кәсіпорын медициналық масқа өндіргенімен, шикізаттың бір бөлігі Қытайдан тасымалданып жүрді. Қазір бұл мәселе Үкімет бақылауында, - дейді ол.Оның айтуынша, әр адам инфекциядан сақтанудың қарапайым ережелерін білуі тиіс.
Алдымен коронавирус өршіп тұрған елдерге сапарға шықпауға кеңес береміз. Егер шетелден оралсаңыз, емханадан хабарласпаса да, суық тию белгілері байқалса бірден учаскелік дәрігерге қаралу қажет. Covid-19 вирусының алдын алу үшін бөлмені таза ұстап, жиі желдетіп, жеке бас гигиенасын қатаң сақтау қажет. Халық көп жиналатын жерлерге бармаған дұрыс,- дейді Айнагүл Мусина.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Біздің ақшамызға өмір сүріп жатыр: Қарағұсова көпбалалы отбасылардың несиесін кешіруге қарсы шықты
Келесі жаңалық
Алматы облысында ер адам әйілінің басын балғамен ұрған
Өзгелердің жаңалығы