Коронавирус. ШҚО-да қауіпті індеттің бесінші жағдайы тіркелді
Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл жолы қауіпті індет 2006 жылы туған баладан анықталған.
Бұл туралы бүгін облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ілияс Мұхамеджан тікелей эфирде өткізген баспасөз мәслихатында хабарлады.
Өкінішке қарай біздің облыста коронавирус инфекциясының тағы бір жағдайы тіркелді. Ол 2006 жылы туған ұл бала Семей қаласының тұрғыны болып келеді. 30 наурыз күні ол жөтелмен және дене қызуы көтеріліп дәрігерлер көмегіне жүгінген. 3 сәуірде оған рентгенологиялық зерттеулер жүргізіліп, сол жақ ошақты пневмония диагнозы қойылды. 4 сәуір күні пациент инфекциялық стационарға оқшауланды. Анализдер алынып, нәтижесі нақтыланды, - деді Ілияс Тұңғышқанұлы өз сөзінде.
Қазіргі уақытта ұл баламен жақын қарым-қатынаста болғандар провизорлық және карантиндік стационарға орналастырылған. Қатынаста болған барлық 51 адам анықталған.
Ұл баланың өзі және оның жақын туыстары ел аумағынан тысқары шықпаған. Жағдайы орташа ауыр деңгейде деп бағаланып, ем-шараларды толық дәрежеде алып жатыр. Жіті дәрігерлік және медициналық бақылауға алынды. Пациент тұрған үй-жайларда барлық дезинфекциялық және санитарлық өңдеу шаралары жүргізілген, - деп қосты басқарма басшысы.
Естеріңізде болса, бұған дейін өңірде корнавирустық инфекция жұқтырған төрт адам анықталған болатын. Олардың екеуі Семей қаласында, екеуі Өскеменде тіркелген.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы