Коронавирус Құдайға деген сенімімізді күшейтті - Израильдің бас раввині
Бұл туралы елордада өтіп жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезі барысында Израильдің Бас Сефард раввині Ицхак Иосиф мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Съезде сөз сөйлеген раввин адамдарды төзімділікке шақырды.
Коронавирус орын алуы себепті Құдайға деген сенім артты. Өйткені адамдар еш нәрсенің бізге байланысты еместігін түсінді, тіпті бірде-бір сарапшы түсіне алмаған кішкентай вирустың алдында қауқарсыз екенбіз. Барлығы Құдайдың қолында. Біз баршамыз эпидемиядан, соғыстан сақтасын, әлемді барынша жүйелі етсін деп дұға тілейміз. Біз Жаратушымыз тілегімізді қабыл алуы үшін не істей аламыз? Жаратқанға барынша жақындап, жаман әдеттерден арылуымыз керек, - деп атап өтті Ицхак Иосиф.
Айтуынша, өз-өзімізді дұрыс ұстау бізге Құдайдың рақымына ие болуға кепілдік береді.
Діни көшбасшылар шыдамдылықтың, кешірімнің, жаман әдеттерден бас тартудың, табандылықтың, бір-бірімізді сыйлаудың үлгісі болып, өзгелерді соған бастауы керек, - деді раввин.
Еске сала кетейік, діни форумға Рим Папасы Франциск, Әл-Азхардың Жоғарғы имамы Ахмед Мохаммед Ахмед ат-Тайеб, Иерусалим Патриархы III Теофил, Ашкеназдың бас раввині Давид Лау, Израильдің Бас сефард раввині Ицхак Иосиф арнайы ат басын бұрып, қатысып жатыр.