Коронавирус. Науқастарды ауруханаға жатқызу деңгейі төмен – Айжан Есмағамбетова
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында Денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағамбетова мәлімдеді.
Соңғы аптада ауырған адамдардың 70%-ы 3 аймақта тіркеліп отыр. Олар 4704 жағдаймен Алматы, 4937 жағдай анықталған Нұр-Сұлтан қалалары және 1237 жағдаймен Қарағанды облысы. Сырқаттанушылықтың өсуіне қарамастан, науқастарды ауруханаға жатқызу деңгейі төмен. Бүгінгі күні КВИ бойынша стационарлық көмек қуаты 4500 төсек-орынға жететін 180 инфекциялық ауруханада көрсетіледі. 1342 пациент емдеуге жатқызылды. Осылайша, төсек-орынның 30%-ы бос емес, - деп атап өтті ведомство өкілі.
Сонымен қатар вице-министр вирус жұқтырған науқастарға медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету үшін 2387 мобильді бригада жұмылдырылғанын атап өтті.
Оның ішінде 1000 мобильді бригада ауылда ұйымдастырылды. 2022 жылдың 1-ші жартыжылдығында мобильді бригадалар 815 мың шақыртуға барып, көмек көрсетті. Биыл 5 айдың қорытындысы бойынша жедел медициналық жәрдем қызметін шақыру саны былтырғы осыған ұқсас кезеңімен салыстырғанда 3,6%-ға артты, - деді Айжан Есмағамбетова.