Коронавирус: Моңғолиялық оқушылар сабақты телеарна арқылы оқиды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Әлемді алаңдатқан коронавирустан сақтану шарасы әр елде әр түрлі деңгейде жүріліп жатыр.

Әсіресе Қытаймен тікелей шекараласатын елдерде сақтық шарасы күшейтілген деңгейге өтті.

Бұл тұрғыда Моңғолия Республикасы 27 қаңтардан бастап 2 наурызға дейін барлық мектептерде, Жоғары оқу орындары мен колледждерде сабақты тоқтатқан болатын. 

Моңғолияның Білім, мәдениет, ғылым, спорт министрлігі елдегі 18 телеарнадан оқушыларға арнап мектеп бағдарламасын телеарна арқылы оқытуды қолға алу туралы шешім шығарды.

3 ақпанда басталатын теле-сабақтың күнтізбесі мен сағат бөлінісі жасалды. Білім министрлігінің мәліметіне қарағанда 402 рет эфирден берілетін 40 сабақтың ұзақтығы 6357 минутқа созылады. Теле-сабаққа орай 170 мұғалім арнайы дайындықтан өткен.

Әр сыныптың теле-сабағы әр түрлі арнадан беріледі. Ал өзге ұлт өкілдерінің оқушылары үшін жергілікті телеарналар жұмылдырылатын болады.

Бүгін Моңғолия үкіметінің жалпы отырысында Білім министрі сабақ кестесімен таныстырды. Күніне 2-4 пәннен өтетін теле-сабақтың ұзақтығы 10-20 минутқа жалғасады.

Алғашқы аптада теле-сабақ тек моңғол тілінде өтсе, бір аптадан кейін сол елде тұратын қазақ балалара арнап қазақ тілді теле-сабақтар да өте бастайды. Бұл үшін қазір арнайы мамандар жұмыс істеп жатыр.

Телеарналардан берілетін сабақты Моңғолия телевизия одағы өз мойнына алған. Мемлекет тарапынан ешқандай қаржысыз, барлық сабақты тегін жазып, эфир уақытына да тегін шығарып отыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы