Коронавирус: Министр қазақстандықтарға шетелге шықпауға кеңес берді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан тараған кісі өліміне әкеп соғатын жаңа вирус халықаралық деңгейдегі төтенше жағдай деп жариялады.
Бұл вирусқа қарсы Қазақстан Үкіметі жасап жатқан барлық шаралар ДДСҰ-ның талаптары мен ұсынымдарына сай және біздің елде коронавирусты жұқтырған науқас жоқ. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында арнайы мәлімдеме жасады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Гебрейесус осы ауру бойынша Қытай Халық Республикасындағы жағдайды қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы "халықаралық деңгейдегі төтенше жағдай" деп жариялады. Осыған байланысты, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы барлық мемлекеттерге өзінің ұсыныстарын және кеңестерін жеткізіп жатыр. Біріншіден айтатынымыз – Қазақстан Республикасында коронавирустық инфекцияның қауіпі туралы Денсаулық сақтау министрлігі 6 қаңтардан бастап ақпарат беріп, қажетті шаралар енгізу бойынша шешімдер қабылдады. Арнайы штаб құрылды. Қажетті дәрі-дәрмектердің қоры құрылды. Баса айтқым келген, біздің елде жасалып жатқан барлық шара ДДСҰ-ның талаптары мен ұсынымдарына сай келеді, - деп хабарлады министр.
Елжан Біртанов коронавирусты Қазақстанға әкелмеудің алдын-алу үшін 20 қаңтарда кешенді шаралардың жоспары бекітілгенін және ведомствоаралық штаб құрылғанын да айтты.
Оны сіздер өте жақсы білесіздер. Қайталап айтпауға рұқсат етіңіздер, - деді ол.
Бұл орайда Денсаулық министрі Қытайдан келген азаматтардың арасында вирус жұқтырғаны расталған науқастар жоқ екеніне баса назар аударды. Бүгін дене қызуымен жатқызылған 25 адам емделіп, ауруханадан шыққанын жеткізді.
Қытайдан елге келген азаматтардың арасынан біршама науқастар күдік тудырған еді. 66 адам коронавирус жұқтыруы мүмкін деген күдікпен ауруханаға жатқызылған болатын. Оның ішінде 25 адамның жағдайы жақсарып, емханадан шықты. Оларға ондай диагноз қойылған жоқ. Олардың дені сау. Ал, 41 науқас медициналық мекемелерде ем алып жатыр. Олар диагностикалық тексерістен өтіп жатыр. Бірақ, бірден айтқым келеді, барлық пациенттердің жағдайы тұрақты, халі мүшкіл немесе жағдай ауыр науқастар бізде жоқ, - деп шегелеп айтты Біртанов.
Бұдан басқа, коронавирустық инфекциясын жұқтыруы ықтимал деген күдіктілермен байланыста болған 3914 адамды бақылауға алынған. Оларды да 14 күн бойы қадағалап, медициналық тексерістен өткізеді.
Министр ел азаматтарына Қытайға да, шетелге де шықпауға кеңес берді.
Біз азаматтарға Қытай Халық Республикасына бармауын сұраймыз. Және коронавирусты жұқтырған науқастар бар 23 елге де бармауларыңызды сұраймыз. Жалпы, осы уақыт аралығында шетел шығып, саяхаттауға шектеу қоюларыңызға кеңес береміз. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы осы 3 айда тағы жиналып, жаңа ұсыныстар беретін болады. Бұл орайда профилактикалық шараларды қатаң түрде ұстанған дұрыс болады деп санаймыз, - дейді Елжан Біртанов.
Еліміздің бас дәрігері өз сөзін қорытындылай келе, Үкімет және министрлік бұл жағдайды толықтай бақылауда ұстап отырғанын мәлімдеді.
Өз сөзімді тәмамдай келе, біздің азаматтарға айтқым келеді. Бұл жағдайды Үкімет және министрлік толықтай бақылауда ұстап отыр. Барлық өзгерістер жайында сіздерді хабардар етеміз. Оның үстіне, дәл қазір маусымдық жіті респиратуралық вирустық инфекция кезеңі, осы тұрғыдан профилактикалық және стандарттық ем-шараларды қатаң сақтану қажет екенін баса айтқым келеді. Суық тигізіп, ауырып қалмауға тырысу қажет. Барлықтарыңызға күш-қуат, зор денсаулық тілеймін, - деп түйіндеді өз сөзін Біртанов БАҚ өкілдеріне арналған брифингте.