Коронавирус кезінде болашақтықтарға қанша қаржы жұмсалды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. "Халықаралық бағдарламалар орталығы" АҚ коронавирустық инфекция пандемиясы кезінде "Болашақ" бағдарламасы стипендиаттарын қолдау шаралары бойынша бөлінген қаражат туралы түсініктеме берді.
2020 жылғы 28 наурызда "Болашақ" халықаралық стипендиясы бойынша шығыстар нормаларын, оқуға және тағылымдамадан өтуге үлгілік шарттарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 13 сәуірдегі № 163 бұйрығына өзгерістер енгізілді. Осылайша мемлекет СOVID-19 пандемиясы кезінде бағдарлама стипендиаттарына жан-жақты қолдау көрсетті, – делінген ХБО таратқан ақпаратта.
Атап айтқанда, оқуды аяқтай отырып, шекараның жабылуы және әуе қатынасының тоқтатылуна байланысты оқу елдерінде амалсыздан қалған 84 стипендиатқа 66,4 млн теңге көлемінде шәкіртақы төленді. Олардың 45 адамы қазіргі таңда Қазақстанға оралды, ал қалған 39 адам жақын арада қайтуды жоспарлауда.
«Болашақ» халықаралық стипендиясы Қазақстан Республикасы Президентінің 1993 жылғы 5 қарашадағы №1394 қаулысымен бекітілген. Бағдарламаны іске асырудың 26 жылында 13 870 стипендия тағайындалды, оның ішінде әртүрлі салада 10 749 маман дайындалды.Сонымен қатар, СOVID-19 пандемиясы кезінде Қазақстанға келген 147 стипендиат елімізде қашықтан білім алуда. Оларға 192,8 млн.теңге мөлшерінде шәкіртақы төленіп, 20,5 млн теңге мөлшерінде оқу елінен Қазақстанға дейінгі әуе билеттері алынды. Қазіргі таңда "Болашақ" бағдарламасының 592 стипендиаты шетелде білім алуда, – делінген хабарламада.