«Коронавирус кет, кет» әні аластау мақсатында шығарылды – Марат Омаров
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Дайындықсыз, шығынсыз жазылған осы ән әлемдік топ-ондыққа енеді деп ойламағам, дейді «Желмая» жобасының қонағы әнші, композитор Марат Омаров.
30 жыл бойы лирикалық, классикалық әндер шығарып жүрген әнші, композитор ән жаздырту, оны студияда дыбыстау шығынды жұмыс екенін атап өтті.
Соның өзінде танылмай жатқан әндер болады. Ал мына ән аса бір дайындықсыз, шығынсыз шығарылды. Желіде жастар алып кетіп, миллиондаған қаралым жинады. Мұндай реакция болады деп ойламаған едім. Қазір көпшілік ортаға барсам, жастар қаумалап, осы әннің авторы ретінде суретке түсіп жатады. Өзім таңғалып жүрмін, - дейді ол.
Марат Омаровтың айтуынша, ән аластату мақсатында жазылған.
Статистикаға қарап отырсақ, 1620 жылдан бастап әр 100 жыл сайын әлемді бір індет жайлайды. 1620-сы жылы холера, 1720 жылы чума, 1820 жылы италиялық вирус деген сияқты. Ертеден аластау деген болған. Мен де бұл әнді шығарғанда әлемге танылсын деп емес, кішігірім аластау болсын деген оймен шағарған едім, - деді әнші, композитор.
Сондай-ақ Марат Омаров жуықта осы пандемия тақырыбына байланысты кенеттен тағы бір ән туғанын атап өтті.
Оның айтуынша, НТК арнасындағы «Ревью» бағдарламасына қонақ ретінде шақырылған. Сол жерде гитарасын алып «Коронавирус кет, кет» әнін айтуға оқталғанда жүргізушілер, «аға, сізде бір жаңалық болу керек» деген.
Содан ойланып қалдым да, иегімдегі маскам есіме түсіп кетті. Иә, бар, жаңалық деп, сол жерде аяқ астынан «Маски, маски» деген ән шықты. Надевайте, маски, маски киіп жүріңдер, бетпердені тағып, жауып жүріңдер, біз біргеміз, біз сенеміз, алда бақытты күндер деген сөздер бар ішінде. Бұл енді халықты сақтық шараларына шақыруға арналған, - дейді ол.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Алматы облысында қар құрсауынан 9 адам құтқарылды
Келесі жаңалық
Израиль премьер-министрін қамауға алу туралы ордер берілді
Өзгелердің жаңалығы