Коронавирус. Инфекция жұқтырудың орташа тәуліктік саны 34 есе азайған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният хабарлады. Оның айтуынша, республикада коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақтанып келеді.

Бір аптадан  бері аурудың тәуліктік өсімі тәулігіне 1 200 жағдайға дейін төмендеді. Бұл инфекцияның таралу коэффициентіне де әсер етті. Ол 27 қаңтардан бастап бір бірліктен төмен және 0,6-ға тең. Эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес қазіргі таңда еліміз «жасыл» аймақта, 2 өңір «қызыл» аймақта және 2 өңір «сары» аймақта. Қалған өңірлер «жасыл» аймақта орналасқан, - деп атап өтті министр. 

Сонымен қатар ол эпидемиологиялық жағдайдың көрсеткіштерінің оң динамикасы байқалатынын алға тартты. 

Соңғы айда коронавирус инфекциясы жағдайларының орташа тәуліктік саны 34 есе азайды. Стационарда емделіп жатқан адамдардың саны 2,3 есе, амбулаторияда емделушілердің саны 5,1 есе азайды. Бүгінгі күні денсаулық сақтау ұйымдарында 30 мыңнан астам пациент, оның ішінде 86%-ы, яғни 26 648 пациент амбулаториялық деңгейде және 14%-ы – 4 198 адам стационарлық деңгейде емін жалғастыруда, - деді ведомство басшысы.  

Сондай-ақ инфекциялық төсек-орындарға түсетін жүктеме де біршама азайған.

Осы айда инфекциялық төсектердің қамтылуы 38%-дан 17%-ға дейін 2,2 есе, реанимациялық төсектердің қамтылуы 20%-дан 14%-ға дейін 6%-ға төмендеді, - деді еліміздің бас дәрігері. 

Еске сала кетейік, министр бұған дейін елде «Омикрон» және «Дельта» штамдарын жұқтырушылар саны азаймай тұрғанын айтқан болатын. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы