Коронавирус: Елорда әуежайы жолаушыларды қалай тексереді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қытайдың Ухань қаласында тараған белгісіз вирустың таралуына байланысты әлемнің бірқатар елінде сақтық шаралары күшейтілген режимге өтті.

Елімізде де бұл қатерлі сырқатқа байланысты Қытаймен тікелей шекараларға шектеу қойылып, вокзалдар мен әуежайларда бақылау күшейтілді.

Бүгін ел астанасындағы Нұрсұлтан Назарбаев әуежайы БАҚ өкілдеріне қалаға ұшып келушілерді тексерудің қалай жүргізілетінін көрсетті.

Қазақстанға келген жолаушыларды дәрігерлер ЖРВИ және коронавирустық инфекция белгілері бойынша тексеруден өткізеді.

Санитарлық-карантиндік бақылау жүргізу ұшақ бортынан басталады. Шекарашылар бортқа көтеріледі. Оларға тиісті құжаттар таныстырылады. Одан кейін бортқа санитарлық дәрігерлер кіріп, жолаушыларға анкета толтырғызады және термометрия жүргізеді, - дейді Әуе көлігіндегі санитарлық-карантиндік бақылау бөлімінің басшысы Дария Әзімбаева.

Оның айтуына қарағанда, жолаушылар тексерудің төрт сатысынан өтеді. Алғашқысы жаңа жоғарыда айтылған борттағы тексеріс болса, кейінгісі жолаушылар әуежай ғимаратына кіріп келе жатқанда жасалады.

Ұшақ ішінде әр жолаушыны тексереді. Санитарлық дәрігерлердің міндеті – барлық жолаушы мен экипаж мүшесін термометриядан өткізу. Егер дене қызуы бар жолаушылар анықталса, оларды оқшау жерге апарады. Ары қарай оларды емдейтін дәрігерлер қарайды. Жолаушылар ұшақтан түскеннен кейін жылу түсіргіштері бар (тепловизор) жолмен жүріп өтеді, - деді ол.

Дария Әзімбаеваның айтып отырған тепловизоры осы. Бұл ұшақтан түсіп, әуежай ғимаратына кіріп келе жатқан адамдардың арасында қызуы көтерілгендері бар болса, бірден Санитарлық-карантиндік бақылау орталығына белгі береді.

Тепловизордан түскен белгі осы жерде тіркеледі.

Осы кезде орталық дәрігерлері сырқат жанды бірден бақылауға алып, санитарлық бөлімге әкеледі.

Онда қызу өлшегіш құралмен сырқаттың қасына бармай-ақ, температурасын өлшеуге болады.

Егер адамның шынымен ыстығы көтеріліп тұрған болса, оны есік алдында тұрған жедел-жәрдем көлігімен қаладағы ауруханаларға жеткізеді.

Жалпы алғанда инкубациялық кезең 14 күнге созылады, сол себепті жолаушылар медициналық бақылаудан өтуі керек. Олардың денсаулық жағдайы бойынша 14 күн бойы мониторинг жүргізіледі. Егер дене қызуы көтерілген адам болса, бірінші қабаттағы медициналық пунктке апарады. Ол жерде емдейтін дәрігерден бөлек инфекция бөлімінің дәрігерлері де науқастардың денсаулық жағдайын анықтайды. Егер науқас ауруханаға жатқызылуы керек деп шешілсе, ауруханаға жатқызылады. Бұл жағдайда науқасқа термометрия үшінші рет жасалады. Кестеге сәйкес, науқас сауықтыру медициналық мекемелерінің біріне жатқызылады, - дейді маман.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы