Коронавирус жоқ деп келген Тәжікстан денсаулық министрі қызметінен кетті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон елдің денсаулық сақтау министрін отставкаға жіберді. 5 мамырдағы Рахмонның жарлығында министр Насим Олимзоде "басқа жұмысқа ауысқандықтан" қызметінен босатылғаны жазылған.
Олимзоденің орнына денсаулық министрі болып Тәжікстан медициналық университетінің жалпы хирургия кафедрасының оқытушысы Джамолиддин Абдуллозода тағайындалды. Президенттің жаңа жарлықтары парламенттің мақұлдауына ұсынылды - делінген Азаттықтың тәжік қызметі хабарламасында.
Насим Олимзода денсаулық сақтау министрі болып 2017 жылы қаңтарда тағайындалған. Ол оған дейін министрдің орынбасары болған. Олимзаде қандай қызметке тағайындалғаны белгісіз.
Тәжікстан денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, елде 293 адамнан коронавирус табылды. Бес адам қайтыс болды.
Тәжікстан елде коронавирус табылғанын ресми түрде 30 сәуірде, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшылары келер алдында хабарлаған. Билік 15 адамнан вирус 29 сәуірде анықталды деген.