Коронавирус 106 адамның өмірін жалмады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қытайда коронавирустың жаңа типіне шалдыққандардың жалпы саны 4515-ке жетті, оның 106-сы қайтыс болды.  

Бұл туралы РИА Новости Қытайдың денсаулық сақтау мәселелері бойынша мемлекеттік комиттеттің ресми хабарламасына сілтеме жасай отырып хабарлады. 

Бір тәулік бұрын ауыр дертті жұқтырғандар саны 2744, ал көз жұмғандар саны 80 екені хабарланған болатын. 

Бір күн ішінде ауру жұқтырған тағы 1771 адам тіркелді, сондай-ақ 26 адам қайтыс болды (24 - Хубэй провинциясы, біреуі - Бейжің, біреуі - Хайнань провинциясынан).

Гонконгта вирусқа шалдыққан 8 адамға диагноз қойылды, Макаода - 7, Тайваньда  - 5. 

Аурудан көз жұмған 106 адамның 100-і Хубэй провинциясында тіркелді. Қазір Хубэй вирус ошағының эпицентрі саналады.

Қытай Үкіметінің мәліметінше, 976 адам ауыр жағдайда жатыр, 60 науқас жазылып, ауруханадан шығарылды.

Бұдан бөлек, 6973 адам коронавирусқа шалдықты деген күдік бар. Ал ауру жұқтырған адамдармен тығыз байланыста болған 44132 адам медициналық бақылауда. 

Айта кетейік, желтоқсан айының соңында Қытай Үкіметі шығу тегі белгісіз пневмония ауруының тарап жатқанын хабарлаған болатын. Кейіннен оның коронавирустың  2019-nCoV жаңа типінен болған ауру екені анықталды. Вирус адамнан адамға жұғады. 

Ауру белгілері тұмауға ұқсас келеді: дене қызуының жоғарылауы, жөтел, дем жетіспеу, қалтырау.

Осы уақытқа дейін Қытайдан басқа Жапония, Оңтүстік Корея, Таиланд, Украина және АҚШ-та ауру жұқтыру жағдайлары анықталған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы