Коронавирус: Қазақстан вокзалдарына ерекше назар аударылуда

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. "ҚТЖ" ҰК" АҚ Қазақстан Республикасы теміржол вокзалдарында коронавирус таралуының алдын алу және қауіпсіздік шараларын қабылдаса, Нұр-Сұлтан, Алматы, Семей және Достық қалаларында орналасқан вокзалдарға ерекше назар аударылуда. 

Бұл туралы "Қазақстан темір жолы" баспасөз қызметі хабарлады. 

Кассирлер, кезекшілер және өзге де вокзал қызметкерлері маскалармен, қорғаныш қолғаптармен және антисептиктермен қамтамасыз етілген. 

Сондай-ақ жұқпалы аурулар белгілері бар тұлғаларды анықтаған жағдайда қауіпсіздік шаралары мен іс-әрекеттері бойынша қызметкерлерге нұсқаулықтар өткізілді.

Вокзал ғимараттарын толық залалсыздандыру тұрақты жүргізілуде, қажетті арнайы жуып-шаю құрамы қорымен қамтамасыз етілген. Бұдан басқа коронавирус жұқпалы ауруы белгілері туралы жаднама орналастырылып, желдету жүйелеріне тексерістер жүргізіліп, аурудың алдын алу шаралары туралы жолаушыларға аудиоақпараттандыру жүргізілуде. 

Ғимараттарда залалсыздандыру, ауаны тазарту және өзге де вирустық аурудың алдын алу шаралары өткізілуде. Вокзалдарда тәулік бойы медициналық пунктер жұмыс істеуде. Сонымен қатар, күту залындағы мониторлардан вирустың негізгі белгілері анықталған жағдайда не істеу керектігі туралы бейнероликтер көрсетілуде, - деп атап көрсетті Нұр-Сұлтан теміржол вокзалының технигі Оксана Джигарина. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы