Коронавирус: Қайтыс болған әйелмен жамбылдық 9 азамат байланыста болған

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ақмола облысындағы коронавирус жұқпалы инфекциясынан қаза тапқан әйелдің Жамбыл облысына келіп, бірнеше адаммен қарым-қатынаста болғандығы анықталды.

Бұл жайында Жамбыл облысы тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Берік Жарқынбеков арнайы мәлімдеді.

Кеше коронавирус індетін жұқтырған Ақмола облысы тұрғынының қайтыс болғандығы туралы ақпарат түсті. Оның биылғы 15-18 наурыз аралығында өңірдегі Шу және Меркі аудандары аумағына қонаққа келіп-кеткендігі расталды. Медициналық және эпидемияға қарсы қызметтердің мамандары марқұммен қарым-қатынаста болған 9 азаматты анықтап, карантиндік бақылауға алды, - деді департамент өкілі.
Ресми тараған мәліметтерге қарағанда, жұқпалы ифекциядан қаза тапқан ақмолалық әйелмен Жамбыл олысындағы Шу ауданының – 3, Меркі ауданының 6 азаматы байланыста болған. Олардан коронавирустық инфекциясына талдаулар алынып, зертханаға жіберілген. Барған нысандарында да эпидемияға қарсы қажетті жұмыстар атқарылған.

Айта кетейік, қазіргі таңда Жамбыл облысында қауіпті індетпен ауырған 3 науқас тіркелген. Олардың біреуі Шу ауданының тұрғыны болса, екеуі Қордай ауданынан.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы