Коронавирус: Қарағанды облысында 43 адам карантинде

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қазіргі уақытта барлық облыс бойынша тәулік бойы оқшауландыруға 43 адам жатқызылған. 445 адам үй жағдайындағы карантинде.

Қарағанды облысында коронавирус індетінің алдын алу бағытында қандай шаралар атқарылып жатқандығымен Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев брифингте бөлісті.

Өкінішке орай, коронавирус індеті Қазақстанның шекарасынан өтті. Қазіргі уақытта барлық облыс бойынша 43 адам тәулік бойы дәрігерлердің қарауында болса, 445 адам үй жағдайындағы оқшаулануда. Олар өздерін жақсы сезінеді, сырқаттың белгілері жоқ. Сонымен қатар, оқшауланудың барлық кезеңдерінен өтіп, карантиндік госпиталдан шығарылған азаматтар да бар. Мәселен, кеше 6 адамды шығардық,- деді Ержан Нұрлыбаев.
Тәулік бойғы оқшауландыруға 1А категориясына жататын Италия және Иран елдерінен келген азаматтар мен олармен тығыз қарым-қатынаста болғандар жатқызылған. Бұл міндетті оқшаулау шаралары тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет екендігіне баса назар аударды басқарма басшысы.
Бұл шаралар ең алдымен азаматтардың өзінің қауіпсіздігі үшін қажет. Егер де сырқаттың қандай да бір белгілері байқалған жағдайда емдеу шараларына бірден кірісетін боламыз. Бұл жағдайдың әрі қарай ушықпауына септігін тигізетіндігі сөзсіз. Сондай-ақ, айналамыздағы жақындарымыздың да қауіпсіздігі де осыған байланысты,- деді Е.Нұрлыбаев.
Карантинде жатқандар үнемі дәрігерлердің бақылауда, олардың жұтқыншағы мен мұрнынан коронавирусты анықтауға арналған жұғынды алынып, зерттеуге жіберілген.

Оның айтуынша, оқшауландыруға арналған госпиталдарға жаңа жиһаздар, төсек жабдығы алынған. Әрбір палатада қол жуғыш, антисептик, сабын сияқты тазалыққа қажетті жабдықтар бар.

Өкінішке орай, әрбір палатаның жеке дәретханасы жоқ. Бірақ медицина қызметкерлерінің көмегімен оқшауланған азаматтар дәретхана мен жуыну бөлмелеріне кезекпен барады. Яғни, адамдар бір-бірімен кездеспейді,- деді басқарма басшысы.
Індетпен күресу үшін республикалық бюджеттен 39 млн теңге қаржы бөлінген. Бұл қаржыға сырқаттанған адамдарға көмек көрсету тиімді болу үшін қосымша медициналық жабдықтар, санитарлық құралдар сатып алынған.
Қазіргі уақытта 188 медицина техникасы сатып алынған. Оның ішінде аса ауыр халдегі емделушілерге көмек көрсетуге арналған өкпені жасанды жолмен желдету құрылғысы да бар. Облыста қауіпті індетті жұқтырғандарды оқшаулауға арналған инфекциялық госпиталь жабдықталған. Орын саны жеткілікті. Облыс бойынша сырқатты жұқтырғандарға арналған 260 орындық, 770 уақытша оқшаулауға және 1325 карантинге арналған орындар дайындалған. Тұрғындардың қауіпсіздігі үшін барлық орындар жеке тұрған ғимараттарда, яғни көпсалалы ауруханалармен ешқандай байланысы жоқ нысандарда орналасқан, - дейді басқарма басшысы.
Сонымен қатар, облыста індеттің алдын алуға байланысты егде жастағы тұрғындарға дәрі-дәрмекті үйге дейін жеткізу шарасы қарастырылған. 
Қытай, Оңтүстік Корея сияқты елдерде басқа да сырқаты бар қариялар арасында індет көп таралатындығы белгілі болып отыр. Сондықтан да, егде жастағы жандардың адам көп жиналатын емханаларға келуін болдырмау үшін оларға дәрі-дәрмекті үйлеріне дейін жеткізіп береміз деп шештік. Қажет уақытында оларға медицина қызметкерлері дәріне үйлеріне апарып береді, - деді ол.
Ержан Нұрлыбаев тұрғындардан жалған ақпараттарға сенбеуге шақырды. Коронавирус індетіне байланысты сұрақтарды 1406 call-орталығына, облыстық денсаулық сақтау басқармасының 955-559 нөміріне хабарласу арқылы және де басқарма басшысының Фейсбук әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасына сұрақ қою арқылы білуге болады.

Еске салайық, Қарағанды облысындағы медициналық маска тапшылығын жою мақсатында ертең "Биосфера" дәріханалар желісіне бетперделер жеткізіледі. 1 масканың құны 130-140 теңге шамасында болады. 


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы