Коронавирус жұқтырған науқастардың анализі Шымкентте анықталады
Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Түркістан облысында осымен коронавирус індетімен жалпы 11 адам тіркелді. Осыған байланысты облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов өзінің Фейсбуктегі парақшасында өңірде короновирусқа қатысты қандай жұмыстар жүргізіліп жатқаны жөнінде баяндап берді.
Оның айтуынша, бүгін 6 науқас тіркелді және Сайрам, Қарнақ ауылы мен Ордабасы елді мекендеріне карантин қойылған. Сонымен қатар, Түркістан қаласында атқарылып жатқан іс-шараларға көмектесуге 200-дей әскерилер келген.
Жалпы облыс бойынша 11 адам індет жұқтырған, оның ішінде өздеріңіз білесіздер 8 науқас Жетісай ауданынан. Бірінші науқас Нұр-Сұлтан қаласынан пойызбен келген және тағы бір науқас автобуспен Алматы қаласынан келген. Бүгін анықталған фактілер сол науқастармен тығыз байланыста болған яғни сол отбасының адамдары және қасындағы кісілер. Кентау қаласындағы Қарнақ деген ауылдан бүгін бір науқас анықталды. Ол Нұр-Сұлтан қаласынан келген бірінші науқаспен пойызбен келген. Бұдан бөлек, тағы екі факт Ордабасы мен Сайрамда анықталды. Олар Шымкент қаласындағы науқаспен байланыста болған. Жалпы 11 адам. Қазір Сайрам ауылы, Қарнақ елді мекені, Ордабасыда карантин қойылды. Ауылдар блок-посттармен қоршалады. Онда ешкімді кіргізбейді, шығармайды, тек азық-түліктер мен дәрі-дәрмектер кіргізіледі, - деді онлайн байланысқа шыққан Сәкен Қалқаманов.
Бұдан бөлек, облыс әкімі орынбасарының айтуынша, бүгін Түркістан қаласына көмек көрсетуге 200-дей әскери қызметкер келген. Олар сол жерде Түркістанның айналасындағы 7 блок бекетке бөлініп, қызметтерін атқаруға кірісті. Сондай-ақ өздерімен залалсыздандыру жұмыстарын жүргізетін 20 шақты техникасы бар. Әскерилер қаладағы колледжге орналастырылды.
Облыс әкімінің орынбасары тікелей байланыс кезінде 6 сәуір күні басталатын онлайн сабақ туралы да мәлімет бере кетті. Оның сөзінше, бүгінде Түркістан облысында 909 мектеп бар, 488 мың оқушы білім алады.
Қазір облысымыздағы шағын 115 мектепте оқитын 8900 оқушы бар. Олар шалғайдағы елді мекендер Бәйдібек, Созақ сияқты ауданда орналасқан. Алтыншы сәуірден бастап олар кәдімгі режимде сабаққа оқуға шығады. Өйткені, ондағы мектеп оқитын оқушылардың саны 5-20-30 адамнан аспайды. Бір айта кетерлігі, ол жерде ешқандай инфекцияға қаупі жоқ, сол себепті осындай шешім шығардық. Түркістан облысында 421 мың оқушы еліміздегі "Балапан", "Еларна" және облыстық телеарналар арқылы онлайн сабақ алады. Қосымша 57 мың оқушы Түркістан қаласынан 32 мектеп, Кентау қаласынан 13 мектеп, Арыс қаласынан 3 мектептің балалары ютуб арқылы сабақтарын оқиды, - деп хабарлады ол.
Онлайн байланысқа шыққан Сәкен Қалқаманов қазіргі кезде Түркістан облысындағы індетке байланысты ситуация бақылауда тұрғанын айтты. Сонымен қатар, тікелей эфир көрермендері қойған сауалдарға да жауап берді. Айтуынша, облыста бірқатар банктер қашықтықтан жұмыс істеуге көшкен. Әкімнің орынбасары тұрғындарды ол жерге барғанша онлайн қызмет алуға жүгінгендеріңіз жөн деп кеңес берді. Ал зейнетақының банкомат арқылы берілетінін, ал карточкасы жоқ зейнеткерлерге жеткізіліп беретінін айта кетті. Әсіресе ауыл округінің тұрғындарына поштаға барып, шабуылдаудың қажеттігі жоқтығын ескертті.
Одан басқа, коронавирус жұқпасын жұқтырған науқастардың анализін анықтау Шымкент қаласында жасалатынын айтты.
Жиналған биомәліметтерді біз Шымкент қаласына жөнелтеміз, онда бір рет емес, 2 рет тексеріледі. Сосын кейін ғана хабарлаймыз, - деді Сәкен Қалқаманов.