Коронавирус: Алматыда 131 адам дәрігердің қатаң бақылауында

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгінгі қауіпті аймақтан келген 131 адам 14 күндік карантинге жатқызылған. Олар ҚХР, Иран және Оңтүстік Кореядан келген азаматтар. 

Бұл туралы Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқарма басшысы Тілеухан Әбілдаев брифинг барысында айтты. 

Оның айтуынша, инфекцияның таралу қаупі бар территориядан келген адамдардың тізімі күнде  мониторинг орталығына беріліп отырады. Ол жерде адамдардың әрқайсысы жеке зерттеліп, түрлі санат бойынша бақылауға алынады.

Қазіргі күні бірінші санаттың А тобында жататын адамдар қаладағы көпсалалы медициналық орталықта 14 күнге карантинге жатқызылады. Бұлар бас мемлекеттік санитариялық қаулысына сәйкес жасалып жатыр. Б санатында 119 адам бар, олар да дәрігерлердің бақылауында. Ал екінші санатта 955 адам, үшінші санатта 1632 адам бақылауда, - дейді ол.
Сондай-ақ, басқарма басшысы вирус тараған елден келіп жатқан адамдарды оқшаулау бойынша барлық жұмыс жасалып жатқанын айтты. 
Карантинге жатқызылғандардың көбі бізде жұмыс істейтін Қытай азаматтары. Бұл елмен әуеқатынасы тоқтағанымен, олар басқа мемлекеттер арқылы келіп жатыр. Сондықтан оларды қатаң бақылауға алып жатырмыз. Бұлардың денсаулықтары жақсы, карантинге тек қауіпсіздік шарасы үшін ұстап отырмыз. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, коронавирус жұқтырған адамнан 14 күн ішінде ауру белгісі білінеді. Одан кейін дәрігерлер телефонмен хабарласып, жағдайын сұрап отырады, - дейді ол. 
Тілеухан Әбділдаевтың мәліметінше, Алматыда және жалпы еліміз бойынша бүгінгі күнге дейін коронавируспен ауырған адам тіркелмеген. Дегенмен, сақтық шараларын қатаң сақтауымыз керек. 
Қала тұрғындарына қоғамдық, мәдени іс-шаралар өтетін және сауда орталықтарына бармауға кеңес береміз. Сондай-ақ, жеке бастың гигиенасын сақтап, әрдайым қолды сабынмен жуып жүру керек. Отырған бөлмеңіздің терезесін ашып, жиі желдетіп отырыңыз, - дейді дәрігер.
Бұған дейін, СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров Кореяда коронавирус жұқтырған қазақстандыққа қатысты ақпаратқа түсініктеме берген болатын.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы