Коронавирус адам бойындағы дерт болса, коррупция – қоғам қойнындағы дерт – Сәдібек Түгел

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Республикалық «Парасат жолы» орталығының басшысы, жазушы, қоғам қайраткері Сәдібек Түгел және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының кеңесшісі Жазира Жылқышиева Жамбыл облысындағы бірқатар мекеме қызметкерлерімен кездесіп, сыбайлас жемқорлықты болдырмау туралы түсінік жұмыстарын жүргізді.

Тараздағы Орталық музей жұмысымен танысып, мәдениет саласының қызметкерлерімен кездесуінде Жазира Жақсылыққызы заң талаптарының күшеюі, сыбайлас жемқорлықты алдын алуды күшейту, сондай-ақ жемқорлықтың алдын алу жұмысының нәтижесі мен агенттіктің алдағы жұмысына тоқталды.

Сәдібек Түгел «Парасат жолында» атқарылатын жұмыстарды халықтық идеяға айналдыру, азаматтардың парасаттылық пен ізгілік жолына түсудің санаға революция беретіндігін, сонымен қатар халыққа ыңғайлы тәсілдің қолданылуы, ұжымдық жауапкершілікті жүзеге асыру және жемқорлықтан арылу жолдарын сөз етті.

Сонымен қатар сервистік әкімдіктер жұмысымен де танысып шықты.

Мұнда қала тұрғындары нақты уақыт режимінде өз өтініштері бойынша ұсыныстар мен жауаптар ала алады. Жобаның басты мақсаты – мемлекеттік органдардың халыққа қолжетімділігін арттыру және кедергісіз кеңістікті қалыптастыру, – дейді қала әкімі аппаратының басшысы Дәурен Абдуқасымов.

Сондай-ақ ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департамент басшысының бірінші орынбасары Равиль Төлебаев барлық деңгейдегі әкімдіктердің сервистік форматқа көшуі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына толық сәйкес келетінін тілге тиек етті.

Егер біреу әкімдікке бір сұрақпен бас сұқса, ол оның шешімі басқа бөлімдермен тікелей байланысты екенін білмеуі мүмкін. Яғни, бірнеше мемлекеттік қызметті бір жерден алу қажет болады. Мұндай жобаны іске асыру адамдарды кабинеттер арасында бірнеше күн бойы сандалып жүруден босатады. Бұл тұжырымдаманы жүзеге асыру тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жоюға мүмкіндік береді, – деді ол.

Жазира Жақсылыққызы сервистік әкімдік жұмыстарымен танысып, жеделділік пен нәтижелік – әкімдік қызметіне қойылатын басты талап екенін атап өтті.

Сондай-ақ жұмыс тобы жер қатынастары және сәулет мәселелеріне қатысты мемлекеттік қызметтің 14 түрі ұсынылатын Тараз қаласындағы екінші «Сервистік әкімдік» жұмысын саралады.

Сонымен қатар жұмыс тобы халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, аудармашы Берік Шаханұлының туғанына 80 жыл толуына арналған «Ертіп міндім асыл сөздің дүлдүл атын» ойтолғам кешіне қатысты.

Осы күні М.Х.Дулати атындағы университеттің студенттерімен кездесті.

Кездесуге студенттермен қатар профессор оқытушылар құрамы мен қызметкерлер де қатысты. Алғы сөзбен іс-шараны ашқан Басқарма төрағасы-ректор м.а. Ержан Әмірбекұлы университетте академиялық адалдықты сақтау барысында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты. Оқу ордасында барлық қызмет көрсету түрлері ашық форматта, тазалыққа негізделгенін тілге тиек етті. Сондай-ақ жемқорлықсыз қоғам құруда адам бойындағы ерік-жігердің маңызы мен ислам дінінің рөлін де атап өтті.

Сондай-ақ агенттік өкілдері білім қызметкерлерімен кездесті.

Басқосуда білім басқармасының басшысы Гүлнар Ходжабергенова білім беру саласындағы іске асырылып жатқан «Адалдық алаңы», «Адал ұрпақ» жобаларының маңыздылығына тоқталып, саладағы автоматтандырылған қызметтердің жемқорлық тәуекелдерін алдын алуға бағытталғанын жеткізді.

Кездесу қонағы жазушы Сәдібек Түгел Жамбыл өңіріне іс-сапардың мақсат-міндеттерін айтып берді. «Коронавирус адам бойындағы дерт болса, коррупция – қоғам қойнындағы дерт» деген С.Түгел адалдық пен парасаттылықты сақтап, ұрпаққа жақсы болашақты табыстайық деп ойын түйіндеді.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы