Әлемде коронавирус жұқтырғандар 33 млн-ға, қайтыс болғандар 1 млн-ға жуықтады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Коронавирус ауруынан қайтыс болғандардың дүние жүзі бойынша саны 1 миллиондық межеге жетуге таяп қалды. Өткен жылдың соңында Қытайда пайда болған Covid инфекциясын 33 миллионға жуық адам жұқтырды.
Пандемия салдарынан көптеген ел қатаң карантин шектеулерін енгізіп, онысы әлеуметтік, экономикалық және саяси мәселелер тудырды.
Еуропада вирустың тарауы қайта өршіп отыр. Испания, Франция және Ұлыбритания елдерінде вирус жұқтырғандардың тәуліктік саны рекордтық көрсеткіштерге жетіп жатыр. Денсаулық мамандары күз бен қыста жағдай одан әрі ушығады дейді.
Екінші толқын біз ойлағаннан жылдам келіп жатыр - деді Франциядағы дәрігерлер ордені ұлттық кеңесінің жетекшісі Патрик Буэ Journal du Dimanche журналына берген сұхбатында.
Еуропаның бірнеше елінде карантин шектеулері қайта енгізіліп, денсаулық сақтау хаттамалары жаңарып жатыр. Испания астанасы Мадридтің аурудан қатты зардап шеккен аудандарында қатаң шектеулер жарияланса, Францияда мейрамханалар мен барлардың жұмыс істеу уақыты шектелді.
Еуропаның шығыс бөлігіне келсек, Ресейде Covid науқастарының тәуліктік саны 22 маусымнан бергі ең үлкен көрсеткіш болып отыр. Елде тәулік ішінде 7,523 адамның вирус жұқтырғаны расталған. Covid науқастарының жалпы саны 1 143 571-ге жетті. Ресей вирус жұқтырғандардың саны бойынша төртінші орында, бірақ елде Covid марқұмдарының саны 20 мың ғана деп көрсетілген. Бұл Covid өлімі дерегі қаншалық дәл деген сұрақ тудырып отыр.
Еліміз бойынша қатерлі індетті жұқтырғандар саны 107723 болса, олардың 102666-сы жазылып шықты. Көз жұмғандар 1700-ге жуықтады.