Коронавирус: 28 млн теңгеге арнайы санитарлық жабдықтар алынды
Тараз, BAQ.KZ тілшісі. "Қазақстан Теміржолы" ҰК АҚ тарапынан Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесіне 28 млн теңге бөлініп, оған арнайы санитарлық жабдықтар алынды. Бұл туралы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Ғазиз Надуев айтты.
Қазіргі таңда өршіп тұрған тәж дертіне байланысты Жамбыл облысы әкімдігінің тапсырмасымен бірқатар ілкімді шаралар ұйымдастырылуда. Мәселен, "Әулиеата" әуежайында оқу-жаттығу жиындары ұйымдастырылып, аэропорт қызметкерлері сақтық шараларында дайындықтарын пысықтаған болатын. Сонымен қатар "Қазақстан Теміржолы" ұлттық компаниясы қазынасы есебінен Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесіне 28 млн теңге бөлініп, оған арнайы санитарлық жабдықтар алынды, – деді ол.
Ал Жамбыл облыстық тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің бөлім басшысы Альмир Есенгелдиннің сөзінше, бүгінде Қытай Халық Республикасынан тараған коронавирус індетінің алдын алуға бағытталған шаралар күшейтіліп, ол мемлекетпен әуе қатынасы тоқтатылған. Десе де еліміздің әуежайлары арқылы қатынайтын басқа да елдердің барын ескергеніміз жөн.
Осыған қарай еліміздің Денсаулық сақтау министірлігі әуе бағыттарын қатаң бақылауға алды. Қазіргі таңда Қытаймен арадағы экономикалық байланыс үзілмей, тауар айналымы әлі де тоқтаған жоқ. Сондықтан ел аумағына жеткізілетін тауарлар жіті тексеріліп, поезд немесе көлік жүргізушілері, жолаушылар шекарадан кірген сәттен бастап 14 күн бойы дәрігерлердің бақылауына алынады. Сонымен бірге Оңтүстік Кореяда 34 мыңға жуық Қазақстан азаматы жүргені ескеріліп, Астана мен Алматы қалаларынан ол мемлекетке әуе қатынасы арқылы қатынайтын бір ғана бағыт жұмыс істеп тұр, – деген бөлім басшысы бүгінде аталған аурудың белгілері Қазақстан аумағында тіркелмегенін еске салды. Десе де медицина қызметкерлері сақтық шараларына үлкен жауапкершілікпен қарауда.
Айта кетейік, "Қазақстан Теміржол – Жүк тасымалы" АҚ-тың аймақтағы филиалымен бірлесіп, Жамбыл вагон пайдалану депосының техникалық қызмет көрсету пунктінде инфекцияның алдын алуға бағытталған оқу-жаттығу шарасы өтті.
Күннен-күнге өршіп бара жатқан індеттің белгілері анықталған жағдайда оқиға орнынан табылатын санитарлық-карантиндік пункт кезекшілері алғашқы медициналық жәрдемді көрсетуге әзір.
Алматы-Маңғыстау бағытындағы пойыздың 5-вагонын қадағалайтын жолсерік жолаушыдан шартты түрде каронавирус дертінің белгісін анықтап, оны кезекшіге жеткізді. Өз кезегінде кезекші мәліметті пойыз басшылығына хабарлап, арнайы тапсырма негізінде жолсерік науқасты оқшауландырып, вагонның барлық есіктері жабылғанына көз жеткізді. Артынша күдікті науқаспен қарым-қатынаста болған жолаушылар да бөлек орынға жеткізіліп, пойыз ішіндегі қозғалыс тоқтатылды.
Көп ұзамай Жамбыл темір жол бекетіне аялдаған пойыздың 5-вагонының алдында жедел медициналық жәрдем қызметкерлері мен қорғаныш киімдерін киген санитарлық қызмет мамандары көмек көрсетуге дайын тұрды. Олар алдымен науқасты арнайы карантиндік боксқа жатқызып, содан кейін ауруханаға алып кетті. Артынша оқиғаны бақылап тұрған санитария мамандары вагон ішіне дезинфекция жұмыстарын жасауға кірісті.
Содан соң поездағы жолаушылардың мекен-жайлары алынып, оларды бақылау мақсатында жолаушылардың байланыс нөмірлері Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасына жолданды.
Еске сала кетейік, Қытайдан тараған індеттен қайтыс болған адам саны 2 840-қа таяды. Ал әлем елдерінде коронавирус жұқтырғандардың саны 86,5 мыңнан асты, оның 6,7 мыңы ауру ошағынан басқа елдерде тіркелген.