Коронавирус. 15 өңірде өсім байқалды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы Ләззат Ақтаева ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифинг кезінде мәлімдеді.
Бүгінде елімізде коронавирус инфекциясын жұқтырған 15 877 адам тіркелді. 3 маусымнан бастап симптомсыз вирус түрін жұқтырғандардың тізімі жеке жасалып жатқаны белгілі, ол бүгінде 6831 адамнан анықталып отыр. Өткен тәулікте елімізде 335 жаңа вирус жұқтыру жағдайы тіркелді. Өсім көлемі 2,2%. Өңірлер бойынша айтар болсам, 15 аймақта вирус жұқтыру өсімі байқалды. Оның ішінде өсім деңгейі жоғары өңірлер қатарында Ақмола, Түркістан, Қостанай, Павлодар облыстары және Нұр-Сұлтан қаласы бар. Эпидемия басталғалы бері елімізде коронавирус инфекциясынан 100 адам қаза тапса, 9902 адам емделіп шықты. Соңғы тәулікте 255 пациент үйге шығарылды. 12 709 науқас тиісті ем-дом шараларын қабылдауда. Оның ішінде 237 баланың жағдайы қанағаттанарлық деңгейде. Реанимация бөлімінде 125 пациент жатыр, - деді ол.
Ләззат Ақтаеваның айтуынша, ПТР диагностика әдісімен жүргізіліп жатқан зертханалық зерттеу жұмыстары әлі де жалғасуда.
Бүгінге дейін 1 миллион 241 мың ПТР-зерттеу жүргізілген. Тәулігіне 27 561 зерттеу жүргізілуде. Осы орайда азаматтарды қауіпсіздік шараларын мейлінше мұқият сақтауға шақырамын. Ең алдымен, қызметте, қоғамдық орындарда әлеуметтік арақашықтықты сақтау, маска тағу, жеке гигиена ережелерін ұстану керек. Тағы бір маңызды ереже бұл – оқшаулану шарасы, әрбір адамның санитарлық нормаларды жұмыста да, үйде де мұқият сақтауы. Бұл ережелер дәл қазіргі сәтте аса қажет, - деді Ақтаева.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Демалыс күндері Алматыда 150 мыңға жуық адам жұмысын тоқтатады
Өзгелердің жаңалығы